18 рет ұрлық жасап, ақыры қолға түсті

12.12.2016
Қаралды: 1054

Адамдар малдың барлығын жа­йылымға жіберетін күз айында ұрлықтың көбейетіні белгілі. 

Әсіресе өрісте жүрген сиырды тобымен көлікке артып немесе жылқыны үйірімен алдына салып айдап кететін барымташылар Сары­ағаш ауданында жиі кездеседі. Жуырда сарыағаштық полицейлер үлкен бір қылмыстық топтың әрекетін әшкере қылды. Оқиғаның қалай болғанын Абай полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Рүстем Тұңғышбаев (суретте) былайша баяндады:

«Ауыл адамдары малдың барлығын қорада ұстап отыра алмайды ғой. Әрине, өрістегі малды да бақылаған дұрыс. Бірақ бізде олай істемейді ғой. Иелері малдарын айдап жібереді де, бірнеше күндеп хабар алмай жүре береді. Өкінішке орай, ұрылар осыны өз пайдасына жаратуда.

Ұрылар өрістегі малын алып кеткенін иесі бірнеше күннен кейін барып біледі. Ол аз болғандай, тағы бірнеше күн өзі іздеп уақыт өткізетіндер де бар. Таба алмаған соң полицияға арызданады. Бұл аралықта ұрылар малды сатып, сойып, жоқ қылып жіберуі мүмкін. Арыз болған соң біздің жігіттер жұмыс істейді.

Сондай жұмыстың нәтижесінде таяуда үлкен бір қылмыстық топ құрықталды. Құркелес ауылдық округіндегі «Ақ үй» елді мекенінің тұрғындары Марат және Темір Қаратал ауылындағы Еркінмен бірігіп Келес өңірі аумағында бірнеше мал ұрлығын жасағаны анықталып, қамауға алынды. Осы топтың тағы бір мүшесі Талғат есімді азамат кепілдік төлеп бостандыққа шықты.

Бұлар 18 рет ұрлық жасап, тұрғындардың қырықтан аса жылқысын, жиырмадан аса сиырын алып кеткен. Яғни бұларға қатысты 18 қылмыстық іс қозғалған. Ұрыларға малдардың қайда жүргенін, олардың иелері туралы хабарлайтын ауылда бір қойшы болғаны да анықталды. Ұрылар өрістегі малды көлікке тиеп алып кетіп отырған. Сиыр мен жылқыны көлікке артатын қолайлы жерді де тапқан.

Осылай ұрлықы малды Шымкент пен Жетісай қаласындағы, Қарабұлақ ауылындағы, Түлкібас ауданындағы мал базарларына күн сайын кезекпен апарып сатуды әдетке айналдырыпты. Ұзаққа созылған тексеру жұмыстарының арқасында бұл қылмыстық топтың әрекетін әшкереледік. Енді олар тиісті жазасын алады, ал тұрғындар сәл болса да тыныш ұйықтайтын шығар».

Бұдан кейін біз осы қылмыстық топтан зәбір шеккендердің бірі – Қаратал ауылындағы Полат Досымбеков есімді жігітке хабарласып, қанша малы ұрланғанын сұрадық.

«Он бір сиырым ұрланды, – деді ол бізге. – Ұрылардың арасында ауылымыздан Еркіннің бар екенін білгенде таңқалдық. Сырт көзге момақан болып жүретін жігіт еді. Әкесі ауылдың шетінде отырып қой бағады. Жағдайы жақсы адам. Баласы ондай әрекетке барады деп ойламайсың. «Үндемегеннен үйдей пәле шығады» деген рас екен. Әкесі кешірім сұрап келіп, әр сиырыңа 50 мың теңгеден берейін дейді. Қазір ондай бағаға қой да сатып ала алмайсың деп кешірім бермедім. Қайт­қан мал жоқ. Керісінше, полицияға жиі шақырып, ақшамыз жолкіремен кетіп жатыр. Бала-шағамның несібесіне деп бағып отырған малым ғой, өз еңбегіммен көбейтіп едім. Қайтарса дұрыс болар еді».

...Қысқасы, ұрылар ұсталды. Енді олардың мәселесін сот шешеді. Бәлкім бірнеше жыл отырып та шығатын шығар. Бірақ ұрланған мал иелеріне қайта ма, мәселе осында болып тұр.

Ұ. ҮМБЕТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ