Әйелін өз қолымен мерт қылып, артынша оған іздеу салған

12.12.2016
Қаралды: 940

Сарыағаш ауданының Абай ауылында биылғы тамыз айында  болған жантүршігерлік оқиғаның себеп-салдары жуырда анықталды. 

Полиция ұзақ уақытқа созылған іздеу жұмыстарынан кейін қылмыскердің кім екенін анықтағанда жағасын ұстамаған жан қалмаған шығар. Бұл жөнінде Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасының полиция бөліміндегі криминалды полиция бөлімшесінің басшысы Нұрәлі Тасыбеков былай дейді:

«Бізге тамыз айында Абай ауылының тұрғыны Талғат   есімді азамат өзінің әйелі Шымкентке тауарға кетіп қайтып оралмағаны жөнінде арыздан­ған болатын. Арада көп уақыт өтпей ол бізге келіп, іздеу жұмыстарының баяу жүріп жатқанына наразылық білдірді. Бірақ тиянақты жүргізген тергеу бо­йынша оның әйелін өзі өлтіргені анықталды. Оқиға былай болыпты.

Сол күні таңертең Талғат үш баласын өз үйлеріне таяу жердегі әкесінің үйіне жібереді. Сол кезде үйлерінде ұрыс болып, әйелін қылғындырып өлтіріп қойған. Қылмысын жасыру үшін базарға барып, қасындағыларға әйелінің Шымкентке тауарға кеткенін айтып, өзі зат сатады. Ал кешке бір танысының көлігін сұрап мініп, мәйітті ауыл шетіндегі карьерге апарып тастаған. Мұнымен көңілі тыншымаса керек. Біреулер біліп қояды деп ойлап, ертесіне мәйітті бензинмен өртеген. Тағы бір күннен кейін мәйітті қапқа салып, өзенге ағызып жібермек болыпты. Бірақ мәйіт қамысқа тіреліп тұрып қалған.

Бұл аралықта өзі Шымкентке барып, әйелінің суретін бағандарға ілген, базардағы тауар алатын адамдарға барып, әйелін сұраған. Қысқасы, өзіне күдік тудырмайтындай дәлелдер жасағысы келген.

Кейін мәйітті өртегенде барған такси жүргізушісінен сұрағанымызда ол күтіп тұрғанын, Талғаттың көліктен шығып кеткенін, біршама уақытта түтін шыққанын растады. Бұл жөнінде не өртенді деп одан сұрағанда: «Жай әшейін... қоқыс қой», – деп жауап беріпті.

Осы қылмысты ашу үшін қыруар жұмыс атқарылды. Жігіттер апталап ұйқы көрмей, іздеу жұмыс­тарын жалғастырды. Талғат пен әйелінің соңғы сәттерде кімдермен сөйлескені зерделенді. Басқа да дереккөздерді қолдандық. Ақыры барлық айғақтар арқылы Талғаттың әйелін өзі өлтіргеніне көз жеткізілді. Ол кейіннен әйелімен ұрыс-керіс кезінде ашумен өлтіріп қойғанын айтып барлық кінәсін мойындап, оқиғаның қалай болғанын, мәйітті қайда апарып, қалай өртегенін көрсетті. Бүгінде қылмыстық іс аяқталып, іс сотқа өткелі жатыр».

...Бұл – Абай ауылдық полиция бөліміндегі қызметкерлердің соңғы кезде ашқан ең ауыр қылмыстарының бірі ғана. Қылмыс ашылды, енді кінәлі адам жазасын алады. Бірақ марқұм мен оны өлтірген күйеуінің артында қалған кәмелетке толмаған үш баланың тағдыры не болады?

М. РАЙЫМБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ