Амангелді Сопбековке сот 90 миллион теңге айыппұл салды

12.12.2016
Қаралды: 1402

Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын Қаржы полициясы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, 

Шымкенттегі политехникалық колледж директоры Амангелді Сопбековті облыс­тық білім басқармасының лауазымды тұлғасына 3 миллион теңге пара берді деп айыптаған болатын. Ол параны колледжге мемлекеттік тапсырыс аясында берілетін гранттардың санын көбейту мақсатында ұсын­ған деген сөз шыққан. Ақыры бұл іске байланысты тергеу аяқталып, ол қаланың әл-Фараби аудандық сотына жолданған.

Кешегі аптада аталмыш іске байланысты сот үкімі шықты.

Судья Еркебұлан Төле­шовтің төрағалық етуімен өткен бұл процесс екі айдан астам уақытқа созылды. Біздің қолымыздағы сот үкіміне сүйенсек, Амангелді Сопбековке қатысты іс мынадан бас­тау алған екен:

Осы жылдың сәуір айында облыс әкімінің қаулысымен мемлекеттік білім беру тапсырысы, яғни оқушыларды мемлекет тарапынан тегін оқыту орындарын айқындау жөнінде комиссия құрылған. 22 – 29-сәуір аралығында барлық техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне облыстық білім басқармасы тарапынан конкурсқа құжат қабылданатыны жөнінде хабарлама жолданып, құжаттар жинақтал­ған. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің директоры А. Сопбековтен жаңа оқу жылына 650 грант орындарына сұраныс берілген. Кейіннен аталмыш іс-шараға байланысты құжат қабылдау тоқтатылып, комиссия төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековтің бекітуімен 7 адамнан құрылған арнайы жұмысшы топ қабылданған құжаттарды тексерген.

Міне, дәл осы сәттен бастап Амангелді Сопбеков облыстық білім басқармасының басшысы Қуандық Құлажановқа, оның орынбасары Е.Бұрхановқа және кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы Л.Жүніске барып, 650 грант орнын беруді, бермеген жағдайда оқытушылардың қысқартуға түсетінін, ал соңында олардың көтеріліс жасайтынын және оны өзі де қолдайтынын бірнеше рет айтып, талап еткен көрінеді.

Арада біраз уақыт өткесін, яғни 12-шілде күні А.Сопбеков облыстық білім басқармасындағы кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы Л.Жүніске телефон соғып, мән-жайды анықтамақ болыпты. Әңгіме арасында ол аталмыш грант түп-түгел бөлінбесе, арыз ұйымдастырып, Е.Бұрханов екеуінің жұмыстан босатылуына ықпал жасайтынын жеткізген. Алайда Л.Жүніс оған колледждің жобалық қуаттылығы 650 грант алуға сәйкес келмейтінін айтқан. Мұндай әңгімені А.Сопбеков облыстық білім басқармасының орынбасары Е.Бұрхановқа да айтқан, бірақ ол да 650 грант алуға колледждің мүмкіндігі жоғын ескерткен екен.

Осыдан кейін Амангелді Сопбеков Е.Бұрхановтың және Л.Жүністің үстінен ҚР Бас Прокурорының, Сыбалас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы Төрағасының және басқа да құзырлы мекеме басшыларының атына грант бөлуде заңсыздықтардың орын алғанын баяндайтын арыз жазып, оны жоғарыға жолдамас бұрын Л.Жүніске жіберген. Ол сондай-ақ колледждің жобалық қуаттылығын қайта тексеруге арнайы комиссия жасақтауды талап еткен екен. Кейіннен солай бол­ған да. Арнайы құрылған комиссия колледжге тексеру жұмыс­тарын жүргізген. Осы сәтте Амангелді Сопбеков 650 оқу грантын алу үшін пара бермек болған. Ол өзінің қол астындағы қызметкері арқылы Л.Жүніске 5 миллион теңге пара бергісі келетінін жеткізуді тапсырған. Алайда Л.Жүніс мұндай ұсыныстан бас тартып, бұл жағдайды білім басқармасының басшылығына хабарлаған. Міне, осы кезде білім басқармасындағылар А.Сопбековтің заңсыз әрекетін әшкерелеу мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне арызданған.

Жалпы, сот үкімінде аталмыш оқиғада Амангелді Сопбековтің бұдан кейін де бірнеше мәрте, атап айт­қанда, алдымен 5 миллион теңге, кейіннен тағы 1 миллион теңге көлемінде пара беруге оқталғаны жөнінде жазылған. Ал ең соңында, яғни 26-шілде күні Амангелді Сопбеков Л.Жүніске өзінің қызметкері арқылы 450 оқу грантының бөлінуіне ықпал еткен жағдайда 3 миллион теңге беруге дайын екенін айтыпты. Содан соң А.Бекболатұлы есімді азамат Лау­ра Жүніспен «Нұрсәт» мөлтек­ауданында  кездесіп, 500 оқу грантын бөлдіруді сұрап, оған пара ретінде қолма-қол 3 миллион теңге ұсыныпты. Осы күні А.Сопбеков Лаура Жүніспен жолығып, соңында ОҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің қызметкерлерінің жүргізген шұғыл іздестіру амалдарының нәтижесінде пара беру дерегі бойынша ұстал­ған.

Сот барысында Амангелді Сопбеков өз кінәсін толығымен мойындамаған. Ол білім басқармасы қызмет­керлерінен оқу грантын көбірек бөлуді өтінгенін, алайда ешқандай пара ұсынбағанын айт­қан. Ал 3 миллион теңгеге қатыс­ты оқиғаның әу баста жер телімінен бастау алғанын мәлімдеген. Яғни Лаура Жүніс Амангелді Сопбековке өзінің «Қайтпас» шағын ауданында жері барын айтып, соны сатып алатын адам тауып беруін өтінген дейді. Осыдан кейін колледж директоры қарамағындағы бір қызметкерге аталмыш жер телімін сатып алуды ұсыныпты. Осыған байланысты өз араларында қаржылай келіспеушіліктер орын алғанын, құрықталар күні ол Л.Жүніске аталмыш жер теліміне қатысты ақшаның қалған бөлігін бермек бол­ғанын алға тартқан.

...Сот оқиғаға куә болған азаматтардың айтқандарын және іс барысында жазылған бейне және аудиожазбаларды сараптай келе А.Сопбековті Қылмыстық Кодекстің 367-бабы, 2-бөлігімен кінәлі деп тапты. Оның дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі білім беру саласындағы мемле­кеттік мекемелерде басшылық қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сот А.Сопбековке сондай-ақ ұсынылған параның 30 еселенген сомасы мөлшерінде, яғни 90 миллион теңге айыппұл төлеу жазасын тағайындады. Атал­ған соманы А.Сопбеков 1 ай көлемінде төлеп беруге міндеттелді.

...Жалпы, сот аталмыш іске қатысты үкім шығарғанымен, бұл іске нүкте қо­йылды деуге әлі ерте сияқты. Себебі Амангелді Сопбеков апелляциялық шағым түсіруге кірісіп кетіпті. Мұны бізге ол кісінің қорғаушысы Мәулен Мұсақұлов айтты.

«90 миллион теңге төлеу кімге оңай тисін? Әрине, біз үкіммен келіспейміз. Дәл қазіргі уақытта мен апелляциялық шағым түсіріп жатырмын. Сондықтан әзірге нақты бірдеңе деуге ертерек. Ал Амангелді Сопбеков туралы айтар болсам, ол кісі қазір үйінде. Денсаулығы шамалы нашарлаған. Емделуде», – деді М.Мұса­құлов.

А. ҚАСЫМБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ