«Ёська» 13 жылға сотталды

05.12.2016
Қаралды: 871

Қылмыс әлемінде «Ёська» есімімен танылған Жүсіпбек Бартекеев есімді азамат кезекті рет сотты болды. 

Кешегі аптада Оңтүстік Қазақстан облысының қылмыс­тық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны 13 жылға бас бос­тандығынан айыру жазасына кесті. Сондай-ақ оның мүлкі тәркіленеді. Енді ол жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтейтін болады. Ал оның сыбайластары болған Серік Жапашев пен Мұхамеджан Ормановтың әрқайсысы 11 жылға қамалды.

«Жора Ташкентский» деген лақап атпен танылған Георгий Сорокин есімді қылмыс әлемінің авторитетін білетін боларсыздар?

«Жүсіпбек Бартекеевтің сол адаммен байланысы болған, – дейді аталған істі қараған судья Дәурен Мадалиев (суретте). – Яғни қылмыс әлемінің жазылмаған ережесіне сәйкес, ол 2012-жылы ортақ қазынаға 10 мың доллар көлемінде ақша құйған. Бұл – бірінші факт. Ал екіншісі, Бартекеев ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, қасына Жапашев және Орманов деген екі азаматты алған. Содан ірі кәсіпкерлердің арасындағы қаржылық дауларды шешуге араласа бастаған.

Сондай оқиғалардың бірі деп айтуға болады, екі кәсіпкер бірлесе бизнес бастаған екен, уақыт өте келе бірлескен бизнес банкротқа ұшырайды. Бірақ төленбеген миллиондаған қарыз ақша қалады. Бір кәсіпкер екіншісіне ортақ қарызды жабуға ақша бер дейді. Ал екіншісі ештеңе бергісі келмейді. Осы кезде әлгі бірінші кәсіпкер қылмыс әлеміне қатысы бар жігіттерді араға салады. Сонда әлгі екінші кәсіпкер де қарап тұрмай, Жүсіпбектің көмегіне жүгінеді. Ал ол өз кезегінде екі кәсіпкердің арасындағы жалпы сомасы 7 миллион теңгені құрайтын келісім-шарттың күшін жоюға ықпал етеді. Оған қоса 10 мың АҚШ долларын талап етеді».

Жүсіпбек Бартекеевтің ісі мұнымен бітпеген. Оның үйінен сондай-ақ заңсыз қару-жарақ пен адамдардың әңгімелерін қашықтықтан тыңдайтын құпия құрылғылар, жасырын камералар тәркіленген.

«Сот барысында Бартекеев өзін бірқалыпты ұстады. Өзіне тағылған айыптардың ешбірін мойындаған жоқ. «Жора Ташкентскийді» танымайтынын, ешкімнен ақша талап етпегенін айтып бақты. Шамамда өзі намаз оқиды-ау деймін, сотта ол кәсіпкерге тек мұсылман ретінде көмектестім дегенінен танбады. Бірақ оның заңсыз тірлік екенін өзі де біліп отыр», – дейді судья.

Біз аталған істің басы-қасында болған «Ёськаның» қорғаушысы Бақыт Үсіпбековпен де телефон арқылы сөйлестік. Ол кісі сот үкімі күшіне енбейінше ештеңе айта алмайтынын, дегенмен алдағы уақытта апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді.

Реті келгенде айта кетейік, «Ёська» бұған дейін де бірнеше мәрте істі болған. Ол соңғы рет 2014-жылы, «Ордабасы» футбол клубынан заңсыз түрде жалақы алып отырғаны үшін сотталған. Ал оған дейін заңсыз қару алып жүргені, сақтағаны және тасымалдағаны үшін де жауапкершілікке тартылған болатын.

А. БЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ