Адамның ар-намысы мен қадір-қасиеті заңмен қорғалады

09.04.2016
Қаралды: 2782

Қазақстан Республикасы Конституциясының 18,34 баптарында әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының

 құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар екендігі, сонымен қатар, әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндеттілігі көрсетілген.

Соңғы кездері елімізде әлеуметтік технологияның жетілуіне орай қолданыста түрлі жазу-түсіру аппараттары (смартфон, планшет және тағы бас¬қалары) болғандықтан азаматтар қажетті немесе қажетті емес хабарлар мен оқиғаларды фото, дыбысы қосылған бейнелерге түсіріп, ғаламтор желісі арқылы бір-біріне таратып, көпшілік назарына ұсынуда.

Осы ретте, біздің заңдарымызда әрбір азаматқа берілген құқықтары мен бостандықтарын бұзу деректері орын алған жағдайда жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгені туралы еске салғымыз келеді.  

Мәселен, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 147-бабында жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заң талаптары бұзылған жағдайда қатаң түрде жауапкершілікке тартылатыны туралы көрсетілген. 

Демек, адамның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын, өмірі туралы мәліметтерді оның келісімінсіз заңсыз жинау не өзге де дербес деректерді заңсыз жинау, электрондық құрылғыларды пайдаланып, ақпараттық жүйеге заңсыз кіріп, басқа адамдар немесе ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында жасау және осы мәліметтерді көпшілік алдында сөйлеген сөзде, көпшілікке көрсетілетін шығармада, бұқаралық ақпарат құралдарында немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалану тиісті жауапкершілікке әкеп соқтырады.

Бұдан бөлек, осы кодекстің 174-бабында көрсетілгендей, әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін не діни сезімдерін қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дінге көзқарасы, тектік-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсілдік қатыстылығы белгілері бойынша олардың айрықшылығын, артықшылығын не толыққанды еместігін насихаттау, егер бұл іс-әрекеттер жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, сол сияқты әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни ала¬уыз¬дықты насихаттайтын әдебиетті немесе өзге де ақпарат жеткізгіштер арқылы дайындалса немесе таратылса қылмыстық жауапкершілікке тартылуға жатады.

Қысқасы, абай болыңыздар, жеке өмірге қол сұғылмаушылық және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заң талаптарын бұзып, қауіпті ақпараттарды бұқаралық ақпарат құралдары немесе ақпараттық коммуникациялық желілер арқылы дайындау не болмаса тарату Заңмен қудаланады.

 

Қ. МҰРАТОВ,

облыс прокуратурасы басқарма бастығының орынбасары.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ