Енді балаңыздың не істеп жүргенін үйде отырып-ақ біле аласыз

28.11.2016
Қаралды: 1286

Соңғы кездері мектеп оқушыларының қатысуымен жасалатын қылмыстар саны артуда. 

Бұған біреулер кінәлі ата-ана десе, екіншілері бар кінәні мектепке аударғысы келеді. Тіпті соның бәріне полиция жазықты дейтіндер де жоқ емес. Осы орайда мектептерде құқық бұзушылықпен күрестің қалай жүргізіліп жатқаны туралы айтып беруді Шымкенттегі әл-Фараби ауданының прокуроры Хали Маматаевтан сұраған едік.

«Біздің прокуратураның қала бо­йынша қадағалау қызметі барысында «Лайықты ұрпақ тәрбиелейік!» деп аталатын  жүйе қолданысқа енгізілді, – дейді ол кісі. – Аталмыш жүйені жүзеге асыру бойынша қалада орналасқан 28 мектепте ата-аналар оқушылардың білім алу және үлгерімі жөніндегі мәліметті SMS-хабарлама арқылы алып отырады. Электронды бақылау жүйесін жүзеге асыру мақсатында «Ай-мектеп» бағдарламасын орнату бағытына қол жеткізілді. Жүйенің ерекшелігі: енді ата-ана баласы туралы мәліметті бұрынғыдай күнделіктегі немесе ата-аналармен байланыс дәптеріндегі жазудан емес, телефонына түскен хабарламадан көреді. Баласының қандай баға алғаны мен тәртібін үйде отырып немесе жұмыста жүріп-ақ біле алады.

Бұл жүйе сондай-ақ ювенальды полиция инспекторы мен прокуратураның электронды кабинеттерімен де жабдықталған. Демек, оқушы туралы мәліметті полиция мен прокуратура да біліп отырады.

Аталған жүйе алғаш рет Шымкентетгі С.Ерубаев атындағы №24 мектеп-лицейде орнатылды. Соның арқасында бұл мектепте құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу күшейді, сабаққа келмейтіндердің көрсеткіші үш есеге кеміді, арнайы есепте тұратындардың тізімі төмендетілді.

Бұл бастама бүкіл қала бойынша қолға алынбақшы. Осының барлығын үйлестіру әл-Фараби аудандық прокуратурасына жүктеліп отыр. Сондықтан «Ай-мектеп» бағдарламасы арқылы оқушылар арасындағы қылмыстың деңгейін төмендетуге мүмкіндік туады деген сеніміміз мол».

...Қысқасы, оқушылар арасында қылмыстың белең алуы жоғарыдағыларды да қатты ойландырған сыңайлы. Ендеше, жаңадан қолданысқа енгізілген бағдарлама өз пайдасын  тигізсе болғаны да.

Р. ШАЛҚАР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ