Тұтқындалған Тұңғышбай шынында да кінәлі ме?

21.11.2016
Қаралды: 1349

Белгілі актер, халық әртісі  Тұңғышбай Жаманқұлов­қа  ірі мөлшерде бюджет қаржысын жымқырған деген айып тағылғанына да біраз уақыт болды. 

Алдымен қамауға алынып, кейіннен кепілақымен босатылған Т.Жаманқұловқа негізінен «Феникс» деп аталатын фильмнің түсірілуіне бөлінген 79 миллион теңгенің 69 миллионын жеп қойған деген айып тағылған еді. Содан бері ел ішінде аталмыш оқиғаға байланысты түрлі әңгіме өрбуде. Пікір білдірушілердің басым бөлігі атақты әртістің мұндай қадамға баруы мүмкін еместігін айтуда.

Алайда кешегі сәрсенбі күні Тұңғышбай Жаманқұловтың мемлекет қазынасына 6 миллион теңге қайтарғаны туралы мәлімет жария­ланды. Оны Коррупцияға қарсы күрес және мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров айтты.

«Қазіргі уақытта ол алты миллион теңгедей қаражатты қайтарды. Сонымен қатар «Қазақфильм» алдындағы бүкіл қарызын төлейтінін мәлімдеді. Ол осындай міндеттемені өз мойнына алды», – деді ол журналис­терге.

...Жалпы, сенімді ақпарат көздерінен бізге жеткен мәліметтерге сүйенсек, халық әртісінің денсаулығы соңғы кездері күрт нашарлап кетіпті. Біраз уақыт ауруханада емделсе де күн сайын қан қысымы көтеріліп, туған-туыстарын уайымға салып отыр екен. Ал оның туыстары мен отбасы мүшелерінен тергеудің құпиялығын сақтауға байланысты ешкімге ешқандай мәлімет таратпайтыны туралы қолхат алынған. Сондай-ақ Тұңғышбай Жаманқұловтың жеке телефонына түскен әрбір қоңырау қазіргі таңда тыңдалуы мүмкін көрінеді.

А. БЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ