Түрмеден келген хат

14.11.2016
Қаралды: 3294

«Замана» газетінің өткен нөмірлерінің бірінде «Шымкенттік Шалдар Бөртебаев не үшін шырылдап жүр?» деген тақырыпта  мақала жарық көрген болатын. 

Онда ол кісінің ұлым Өмірзақ Бөртебаев (суретте) жазықсыз сотталып, нағыз кінәлі адам бостандықта жүр деп айтқан сөздері берілген еді. Кешегі аптада Ш.Бөртебаев редакцияға хат алып келді.

«Бұл хатты Өмірзақ түрмеден жазыпты, – деді ол кісі. – Ұлыма қатысты заңсыздықтар әлі жалғасын табуда. Бірінші сатыдағы сот отырысының хаттамасын бір айдан бері ала алмай жүрміз. Сотта ұлымды жақтап сөйлеген куәлердің сөздері үкімге енгізілмеген. Сондықтан сотта түсірілген видеотаспаны сұратып едік, оны да ала алмай жүрміз. Негізі біздің қорғау­шының өтінішінен кейін хаттама мен бейнажазба үш күннің ішінде берілуі керек еді. Бірақ неге екені белгісіз, біздің өтініштер қанағаттандырылмай отыр».

Біз Ж.Бөртебаев әкелген хатты қарап шығып, онда жазылғандарды қаз-қалпында оқырман назарына ұсын­ғанды дұрыс көрдік.

«Бұқаралық ақпарат құралдарына: «Сәуле» мөлтек­ауданында орналасқан «ИЧ 167/11» тергеу изоляторында қамаудағы Өмірзақ Бөртебаевтан арыз, – деп басталған бұл хат одан әрі былайша жалғасады: «Менің арыз беру себебім, осыдан бірнеше күн бұрын сот барысында хаттаманың дұрыс толтырылмай, видеожазба толық берілмей, сот залында айтылған мені ақтайтын сөздердің ешбірі жазылмай қалғанын, мен мұнымен келіспейтінімді айтып сотқа 7 беттік шағым түсірген болатынмын. Сайрам аудандық сотының судьясы менің арызымды 24.10.2016 жылы қарады. Бірақ менің 7 беттік арызымның бір беті қаралды. Басқасы жолда жоғалып кеткен. Сонда басқа парақтары қайда? Бұл менің құқығымды аяқ асты ету деп есептеймін.

Сайрам аудандық сотынан әкем Ш.Бөртебаев пен інім Ж.Бөртебаевты қорғаушымен бірге сенімді өкіл ретінде қарастыруды сұраған өтініш те әлі күнге дейін қараусыз қалдырылып отыр. Бұл заңды  сот кезінде маған ескертпеді. Ол соттың әділ өтуіне кедергі келтіреді деп есептеймін.

Мен өзімнің кінәсіз екенімді сотта айттым. Әділ болуынан үміттенгенмін. Бірақ олай болмай шықты. Мен ешкімнен ақша сұраған емеспін. Ақша алғаным да жоқ. Бірақ судья мені кінәлі деп тауып, шынайы айыптыны бостандыққа жіберді. Тергеу және сот кезінде куәлердің жауап берген сөздері есепке алынбады».

Міне, түрмеден келген хатта осындай жанайқай айтылыпты. Бұл хаттың қандай жағдайда, қалай жазылғаны бізге беймәлім. Бірақ сот тарапынан кінәлі деп танылып, абақтыға қамалған адам бас бостандығынан айырылғанымен, оны сөз бостандығынан айыру заңда қарастырылмаған. Сондықтан біз басқаларға сабақ болуы үшін бұл хатты жариялағанды дұрыс деп шештік.

М. РАЙЫМБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ