Тоқтар Төлешовке қатысты сот қалай аяқталды?

14.11.2016
Қаралды: 927

Астананың қылмыстық істер жөніндегі арнайы мамандандырылған әскери сотында жер дауына қатысты заңсыз митингілер ұйымдастырған, 

мемлекет билігін күшпен тартып алмақ болған деп айыпталған шымкенттік кәсіпкер Тоқтар  Төлешовке және онымен бірге жауапқа тартылған бірнеше адамға қатысты сот аяқталды. Әскери соттың мәлімдеуінше, 300 томды құрайтын қылмыстық іс қаралды, оған 104 куә, 17 жәбірленуші, жәбірленушілердің 2 өкілі қатысты.

Тоқтар Төлешовке жер дауына қатысты заңсыз митингілер ұйымдастыр­ған, мемлекет билігін күшпен тартып алмақ болған деген айыптармен қоса Қылмыстық Кодекстің тағы да 14 бабы бойынша айыптар тағылды, ол 21 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Жазасын қатаң режимдегі түзеу колония­сында өтейтін болды. Сондай-ақ сот Т.Төлешовті коммерциялық және қоғамдық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқынан, полковник әскери шенінен айырды, «Құрмет» орденінен айыру жөнінде жоғарыға ұсыныс түсірілетін болды.

Кезінде республика Прокурорының орынбасары қызметін атқарған Ілияс Бақтыбаев 7 жылға сотталды,  жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтейтін болды. Сот оны «2-ші санаттағы мемлекеттік әділет кеңесшісі» шенінен айырды, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінен айыру жөнінде жоғарыға ұсыныс жіберілетін болды.

Көші-қон полициясы комитетінің бұрынғы басшысы, генерал-майор Хибратулла Досқалиев 5 жылға сотталды,  жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтейтін болды. Сот оны генерал-майор шенінен айыруға үкім етті.

Сондай-ақ аталған іс бойынша айыпты деп табылған екі әскери бөлімнің командирлері –  Бекзат Жумин мен Қайрат Пернебаев та 4 және 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейтін болды. Олар да мемлекеттік жауапты қызмет атқару құқынан айырылды.

Бұдан бөлек тағы да 13 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Бұл азаматтардың бәрінің заңсыз жолмен иеленген деп табылған дүние-мүліктері тәркіленетін болды.

Ал Тоқтар Төлешовтің ұлы Төлеген Төлешовті сот шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

...Тоқтар Төлешовтің дүние-мүлкін тәркілеуге қатысты үкімді сот отырыстарына төрағалық еткен судья Ербол Ахметжанов ұзақ оқыды. Онда мынадай мүліктер жөнінде айтылды: 30 жылқы, олардың 11-і – асыл тұқымды аттар, 3 түйе, Түркістан қаласындағы жер телімі, «Мицубиши», «Тойота Лэнд Крузер», «Тойота Камри», «Тойота Прадо», «Бентли», «Шевролет», «БМВ», «Мерседес», «Фольксваген», «Инфинити», «Роллс-Ройс», «Лексус» (барлығы 40-қа жуық) автокөліктер, сондай-ақ автотұрақ, ақшалар.

Судья сондай-ақ бірқатар үйлер мен зергерлік бұйымдардың мемлекет пайдасына тәркіленетінін жеткізді. 22 нысан бойынша әшекей бұйымдар жасайтын құрал-жабдықтар, Т.Төлешов пен оның әйелдері – Оразкүл Жұмабаеваның, Нәдия Есенбекованың, Сәуле Сауқынбекованың және Дина Нұралиеваның (кезінде «Шымкент аруы» байқауын ұйымдастырған, 2005-жылы «Қазақстан аруы» атағын жеңіп алған, 2009-жылғы «Әлем аруы» байқауында тартымды 16 арудың қатарында болған) карталарындағы ақша тәркіленетінін айтты. Алқа, жүзік, білезік түріндегі мұндай құнды заттардың өзі 183 дананы құрайтынын атап өтті.

Сот шешімі бойынша Шымкенттегі 9 үй мен 9 жер телімі мемлекет кірісіне алынатын болды.

Қысқасы, бірнеше айға созылған сот нәтижесінде айыпталушыларға қатысты осындай үкім шықты. Әрине, сотталушылардың үкімге қатысты шағым түсірулеріне уақыттары бар.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ