Тұңғышбай неге тұтқындалды?

07.11.2016
Қаралды: 961

Белгілі актер, халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов аса ірі мөлшерде бюджет қаржысын жымқырған деген күдікпен қамауға алынды. 

Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюро хабарлады.

Жарияланған деректе мынадай сөздер бар: «Тергеу кезінде «Қазақфильм» акционерлік қоғамының «T.K.TURAN UNІVERSAL BUSІNESS» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігіне «Феникс» фильмін түсіру үшін 79 миллион теңге аударғаны белгілі болды. Осы қаржының 69 миллион теңгесін аталған фильмнің бас продюсері әрі «T.K.TURAN UNІVERSAL BUSІNESS» серіктестігінің құрылтайшысы Т.Жаманқұлов иемденген. Қаржы қосалқы мердігерлік мекемелер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, Т.Жаманқұловқа берілген».

Жалпы, бұл мәселе қазір жұртшылық арасында, әсіресе әлеуметтік желілерде үлкен пікірталас тудырып отыр. Пікір білдірушілердің басым көпшілігі Тұңғышбайдың сонша ақшаны жымқырып кеткеніне мүлдем сенбейді. Бұл мәселеде бір шикілік бар деп есептейді.

Кешегі бейсенбіде еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Тұңғышбай Жаманқұловты қамаудан босату жөнінде тиісті орындарға өтініш бермек ниеті бары да белгілі болды.

P.S. Өткен жұма күні Тұңғышбай Жаманқұловтың бюджет қаржысын иемденгенін өз еркімен мойындағаны жөнінде жарияланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроның баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол кісі өзінің ісі үшін өкінетінін білдіріп, иемденген қаржыны қайтаруға уәде беріпті. Сөйтіп өзін қамаудан босату жөнінде өтініш түсіріпті, қаржы полицейлері өтінішін қанағаттандырыпты. Т.Жаманқұлов өзі иемденген қаржының біраз бөлігін қайтарыпты. Ал ол кісінің қылмыстық жазадан босату жөніндегі өтініші  69 миллион теңге қаржыны толықтай қайтарғасын қаралатын болыпты.

...Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұлов 1948-жылы Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы Абай ауылында өмірге келген. Алматы Өнер институтының актерлік факультетін бітірген. Ол кісі – актер, режиссер, Кинемато­графистер одағының мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық әртісі, профессор. Кезінде өзі еңбек жолын бастаған Қазақ драма театрында директор болды, оның көркемдік кеңесін басқарды. Аталған театр жанындағы студияда, Алматы Мемлекеттік университетінде ұстаздық етті. 1974-жылдан бері Қазақ Ұлттық Өнер академиясында актерлік шеберлік курсынан сабақ берді, онда өзінің жеке курсын жүргізді. 2009-жылдан бері  Театр қайраткерлері одағының төрағасы қызметін атқарып келеді.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ