Көлігін эвакуаторға тиеп әкетіп қалыпты

07.11.2016
Қаралды: 849

Шымкенттік Дәрібек Қалтай есімді азамат (суретте) осыдан бірнеше жыл бұрын өзіне жол полициясы қызметкерлері тарапынан әділетсіздік жасалғанын айтып, редакцияға шағымданған болатын. 

Сол кезде бұл мәселеге қатысты зерттеу мақала жазғанымыздан оқырман хабардар шығар. Ал кешегі аптада Д.Қалтай мырза редакцияға тағы да келді.

«Осыдан бірнеше күн бұрын Шәмші Қалдаяқов көшесінің бойындағы Халыққа қызмет көрсету орталығына бардым, – дейді Қалтай Шекербекұлы. – Жол жиегіндегі қаз-қатар тізіліп тұрған көліктердің арасына, басқаларға кедергі келтірмейтіндей етіп өз көлігімді қойдым. Біреулерге қажет болып қалса деген оймен әдеттегідей терезесіне телефон нөмірім жазылған қағазды қыстырдым. Содан тез арада ішке кіріп, қайтып шықсам, көлігім жоқ. Оны эвакуатор алып кетіпті. Сол жердегілер иесі жаңа ғана келді, қайтып шығады десе де тыңдамапты.

Жанкелдин көшесінен бұрылған жерде ағаштардың арасында көлік тоқтауға болмайды деген белгі бар екен. Заң бойынша кез келген белгі бірінші бұрылыстан кейін күшін жояды. Ал мен екі бұрылыстан кейін тоқтадым. Соған қарамастан көлігімді артып әкеткен.

Қаз-қатар тұрған көліктердің арасынан неге менікін алып кеттіңдер деген сұраққа да жауап бермейді. Әйтпесе жол жиегінде қалай болса солай қойып кеткендер жетерлік. Оларға тиіспестен, ретімен қойған менікіне жабысыпты.

Ереже бұзған жағдайда бір аптаға дейін айыппұлдың жартысын төлеуге болады. Полицейлермен дауласып пайда таппасымды білгендіктен солай етіп барсам, ол жердегілердің бірі: «Әлі хаттама толтырған жоқпыз, көлігіңізді ертең кешке аласыз», – дейді. Мен ашуланып: «Хаттама толтырмасаң көлікте нең бар? Заң бойынша хаттама тәртіп бұзылған жерде толтырылуы тиіс», – дедім.

Бұлар бір күн айып тұрағында тұрды деп менен тағы ақша өндірмекші болса керек. Басшыларына шағымданып, көлігімді алып кеттім. Бірақ ертең кел дегенге қарсы уәж айта алмай кете беретіндер де бар ғой.

Айып тұрағындағы көліктер тіпті көп. Олар көлігіңіздің есігі бекітіле ме деп сұрайды. Егер жабылмаса не істейді, ішіндегі заттарды ұрлап кетті деп қарап отырмақшы ма? Жауап беретін қарауылдары бар емес пе?»

Қысқасы, полицейлердің әрекетіне наразы болған Д.Қалтаев: «Олардың өздерін тәртіпке шақырмаса болмайды. Бұлай ойларына келгенді қашанға дейін жасайды?» – дейді. Бәлкім ол кісінікі де дұрыс шығар.

М. РАЙЫМБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ