Мал ұрылары енді қораға түсе бастапты

31.10.2016
Қаралды: 844

Жыл сайын күз келсе, ұрлықтың көбе­йетіні белгілі. Бұл жайт әсіресе Шардарада жиі кездеседі. 

Өрісте жоғал­ған сиыр, жылқы, түйені табылады деп иегі қышымайтындар тым құрыса қорадан ұрлатқан малдарынан хабар болса деп үміттенетіні рас. Бұл туралы редакцияға шардаралық Ғабиболла Бектөреев (суретте) хабарласты.

«19-қазан күні кешкісін қойды санағанда түгел болатын. Таңертең жем-шөп берген балалар назар салмапты, түсте санасам, қорадағы жеті қойдың біреуі жоқ. Ішіндегі бүгін-ертең соямыз деп отырған семізі қолды болған.

Сол күні ауыл арасын іздедім. Кеш болып қалғандықтан полицияға ертесіне арыздандым. Олар содан бастап өз жұмыстарын жасап жатыр. Құмалақшыға барған едім, ол малыңызды өздеріңізбен араласып тұратын адамдар алған, оны полиция табады дегенді айтты.

Менің ойымша, кәсіби ұрылар бір малмен шектелмей, бәрін алып кетер еді. Не болса да мұны сырттай көріп жүрген біреу алуы мүмкін.

Сенбі күні отардан басқа малдарды алдырып, сатпақшы болып базарға бардым. Інішектерге түсіре беріңдер деп өзім ішке кіргенмін. Сәлден кейін кірер есікке барсам, сол жерде тұрған полиция мен ветеринария саласының қызметкерлері қойлардың құлағында сырға жоқ деп айыппұл салмақшы. Базарда тұрған қойлардың біреуінде де сырға жоқ. Олай болса бұлар неге айыппұлды маған ғана салмақшы, әлде қойым жоғалды деп арыз жазғаным үшін кінәлі етпекші ме деген ой келді. Содан базардағы қойлардың барлығын камераға түсіретінімді, айыппұл салынса барлығымызға бірдей салуы керектігін айттым. Осыдан кейін барып олар райынан қайтты.

Осылайша ойламаған жерден құқық қорғау саласының қызметкерлерімен айқайласуға тура келді. Жоғалған малымды табудың орнына олардың неге маған айыппұл салмақшы болғанын түсінбедім.

Полиция далада жоғалған малды қараусыз қалдырдыңдар деп сылтау айтады. Олай болса, қойды қорамыздан ұрлап жатқандар туралы не дер екен?»

Ұ. БЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ