Шәуілдірде қыздар ойынханаға шабуыл жасады

31.10.2016
Қаралды: 871

Өткен аптада Отырар ауданының орталығы Шәуілдір ауылында орналасқан букмекерлік кеңсеге қарақшылық шабуыл жасалды. 

Бетперде киген үшеу ойларын жүзеге асырғанымен құқық қорғаушылардың құрығынан құтылып кете алмапты. Кейін олардың 18 – 23 жас аралығындағы қыздар екені анықталды. Бүгінде олардың барлығы уақытша тергеу изоляторына қамалған.

Жаға ұстатарлық бұл оқиғаны ести сала Отырар аудандық ішкі істер бөліміне хабарластық. Мақсатымыз бұл қыздардың ата-анасы кім, бұған дейін немен айналысқан, қыздар бұрын сотты болған ба деген сұрақтарға жауап табу болатын. Өкінішке орай, ол жердегілер тергеу құпиясына байланысты деген желеумен ешқандай мәлімет бере алмайтындықтарын айтты.  Бірақ адамдардан сұрастыру арқылы кейбір мәліметтерге қол жеткіздік. Өзінің тегін атамауымызды өтінген Мұрат есімді азамат былай деді: «Сол жерде жастар жиылып отыратынын бұрыннан байқайтынбыз. Қарақшылық шабуыл жасап, қомақты ақша алып кетіпті, оның барлығы қыздар екен дегенді кейін естідік. Алғашында кімнің қыздары екен деген сұрақ бізді де қызықтырған, бірақ кейін олардың барлығы басқа жақтан келгендер екені белгілі болды. Біреуі Түркістаннан, екеуі Жетісай қаласынан болып шығыпты. Полицейлер сол төңіректегі бейнебақылау камерасы бар дүкендерді тексерген. Ауданға кірер жерге орнатылған камера да бар. Біреуінен күдікті адамдарды байқаса керек, бірнеше күннен кейін қолға түсірген. Бұл ұрлыққа біздің ауылдың қыздарының қатысы жоқ екен. Соған қуанып отырмыз».

Ал мұндай келеңсіздіктің болуы мүмкіндігін алдын-ала болжағандар да бар екен. Темір ауылының тұрғыны Бектай Ибрагимов те осы оқиғаға қатысты өз пікірімен бөлісті.

«Мұндай ақша тігетін ойынханалар соңғы кездері ауданда көбейіп бара жатыр, – деді ол кісі. – Мысалы, біздің Темір ауылы Шәуілдірмен іргелес орналасқан. Халқының саны ауданда екінші орында. Жастар ұйымы жұмыс істемейтіндіктен ауыл жігіттері бос уақыттарын құмар ойындарға арнауға мәжбүр. Ауданда жұмыс жоқ. Диқаншылықпен тапқан аз ақшаны ұттырғандар не істейді, амалсыз ұрлық жасайды. Адам тонап, кісі өлтіреді. Осылай қылмыс көбейеді.

Осының алдын алу үшін жастар әкімдік пен прокуратураға хат жазып, ойынханаларды жабуды сұраған. Аудан әкімінің орынбасары П.Жаппарқұлов пен аудандық мәслихаттың хатшысы М.Манапов осы мәселеге қатысты тұрғындарымен кездесу өткізерде бір інішек маған келді. Сіз айтыңыз, бізді тыңдамайды деген соң жастардың көтеріп отырған мәселесінің дұрыстығын айттым. Аудан басшылары кәсіпкерлерге қысым жасаудың қиындығын ескертті. Сол жерде жастар тарапынан: «Ойынханалар жастарды бұзып, қылмысты көбейтеді. Олар жұмыстарын тоқтатпаса, ғимараттарды өртеу керек!» – деген де пікірлер айтылды. Осыдан кейін айтып жүріп бір ойынхананы жаптық.

Жуырда біреу телефон соғып, өзінің ойынхана ашқысы келетінін, қарсы болмауым үшін дайындаған сый-сияпаты бар екенін, алдағы уақытта да үлесімді беріп тұратынын айтты. Мен келіспей қойдым. Бірақ басқа біреулер тарапынан қолдау тапса керек, қазір жұмысын бастап жіберіпті деп естіп жүрмін. Бұл ойынханаларды жаппаса, бұдан да зор қылмыстың болуы мүмкін».

Қысқасы, Шәуілдірде қарақшылық шабуылдың болғаны бірінші рет емес. Бұған дейін де болған. Олардың арасында ашылмай қалғандары да жоқ емес еді. Бұл жолы араға бірнеше күн салып болса да қылмыскерлер құрықталыпты. Ал солардың қыздар болғандығы кімді де болса ойландырмай қоймаса керек.

Қ. БАСТАУ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ