Шымкенттік Шалдар Бөртебаев не үшін шырылдап жүр?

24.10.2016
Қаралды: 1217

Жуырда Сайрам ауданында екі бірдей полиция қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты. 

Оның біреуі 2 миллион теңге айыппұл төлеп, сот залынан бостандыққа шықса, судья екіншісіне 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұл сот үкімімен келіспейтінін білдіріп Шалдар Бөртебаев (суретте) есімді азамат өткен аптада редакцияға төмендегідей мәтінде шағым алып келді:

«Менің ұлым Өмірзақ Бөртебаев Сайрам аудандық пробация мекемесінде қызмет атқаратын. Оны 29-қаңтарда полицияның өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері пара алды деген күдікпен тұтқындаған. Сегіз айға созылған тергеу және сот отырысынан кейін 29-қыркүйекте судья С.Қабылова баламды 7 жылға соттады.

Мен ұлымның кінәсіз екеніне сенімдімін. Сот отырысында: «Егер балам ақша сұраған болса 7 жыл емес, 14 жылға соттаңдар, араға түспеймін. Бірақ жаза әділ болсын. Кінәлілер бостандықта тайраңдап, таза адам жазықсыз жапа шекпесін», – дегенді айттым. Соңғы сәтке дейін әділдікке үміттеніп едім, оным бекер болды. Бізде баламның кінәсіз екендігіне дәлелдер жеткілікті. Бірақ тергеу мен соттың әрекеті бізді әділдік іздеуге  мәжбүрлеп отыр.

Ұлымды тұтқындаған кездегі түсірілген бейнежазба қиылып, қысқартылған. Жерде жатқан ақшаның қайдан шыққаны да белгісіз. Жалпы, оған дейін менің балам ешқандай күдікке ілінбеген. Тексеру кезінде қалтасынан ақша да, қолдарынан арнайы ұнтақтың белгілері де шықпаған. Осыған себеп болған жәбірленушінің жазған шағымында менің баламның фамилиясы жоқ. Тек кейін шетіне атын қосып қойыпты.

Негізі өзінің еркін жүріп-тұруы үшін ай сайын 15 мың теңге талап етеді деген арыз соттан айыппұл төлеп құтылған Тахир Абдухалықовтың үстінен жазылған. Және тексеру барысында оның қолынан белгісіз ұнтақтың белгілері де шыққан. Ол тұтқынға алу кезіндегі видеотүсірілімде анық көрсетілген.

Шымкенттің Еңбекші аудандық соты 4-ақпанда екі азаматтың да атындағы дүние-мүліктеріне тоқтам салған еді. Бірақ Т.Абдухалықов өзінің «Нексия» автокөлігін 24-ақпанда әкесінің атына өткізген. Бұл туралы судья жеке қаулы да шығармады. Керісінше, жеті ай бұрын тоқтамға қойылғанына қарамастан сатылып кеткен Т.Абдухалықовтың «Нексия» автокөлігін судья 29-қыркүйектегі үкімінде тиымға босатылғанын айтады. Бұл жөнінде құзырлы органдарға баламның қорғаушысы  арнайы хат та жазды. Бірақ оған қараған ешкім болған жоқ. Тергеу де, сот та біржақты жүргізіліп, менің ұлымды кінәлі етіп отыр.

Осылайша ештеңеге қатысы жоқ менің балам Өмірзақ Бөртебаев жеті жылға сотталып кетті. Сонда әділдік қайда? Бұрын үлкендерден «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылады» дегенді естуші едік. Ұлым тым құрыса «шелекті де жаламай» сотталып отыр. Бұған қалай төзуге болады?»

...Ұлының кінәсіз екенін дәлелдеу үшін қажет болса Президент­ке дейін шағымданамын деген Ш.Бөртебаев соңғы хабарласқанда Алматы мен Астанада баспасөз мәслихатын ұйымдастыру үшін жүргенін айтты. Соған қарағанда, бұл іске қатысты дау мұнымен бітпейтін секілді.

Ә. НАУАЙЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ