Келінді тілдеген қайынбике сотқа тартылды

18.10.2016
Қаралды: 782

Атырау облысының Махамбет ауданында өзгеше бір  жай орын алды. Мұнда келініне тіл тигізген қайынбикеге қатысты сот шешімі шықты. 

Ашу-ызасын ауыздықтай алмай, тілге ерік берген қайынбике өзінің сөздері үшін әкімшілік жазаға тартылды. Ол кісіге 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (21 мың 210 теңге) айыппұл салынды.

Атырау облыстық соты баспасөз қызметінің берген мәліметіне қарағанда, кінәлі деп табылған әйел әлдебір іспен келінінің үйіне барған екен. Екеуінің арасында келіспеушілік туындап, қайынбикесі келінін былапыт сөздермен балағаттапты. Ал келіні оны сотқа берген. Істі қараған Махамбет аудандық сотының судьясы келінін тілдеген әйелдің әрекетін «өзгелерді сыйламау, ұсақ бұзақылық» деп дәрежелеп, оны айыпты деп тапқан.

...Иә, «Ашу – дұшпан...» дегенді атам қазақ бекер айтпаған ғой. Осыдан кейін тісін қайрап жүрген кей келіндер  кейбір балағаттағыш енелер мен абысындарды және қайынбикелерді  сотқа сүйрелеп жүрмесе деңіз...

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ