Айдар Ниязовқа қатысты үкім шықты

17.10.2016
Қаралды: 1129

Биылғы шілде айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроның қызмет­керлері Шымкент­тегі көркемсурет және дизайн колледжінің директоры, 

қалалық мәслихат депутаты Айдар Ниязовтың  200 мың теңге пара алу үстінде ұсталғанын жария еткені белгілі. Параны ол бір мұғалімнің жұмыс жүктемесін жоғарылату және бір талапкерді оқуға мемлекеттік грантпен қабылдау үшін алған деп айтылған болатын.

Аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, А.Ниязовтың қамауға алынғаны, кейін оған «кепіл» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылғаны мәлім. Ал қылмыстық істі қарау қаланың Абай аудандық сотына өткізілген еді.

Бұл қылмыстық іс судья С.Тоқбергеновтің төрағалық етуімен жүргізілді. Сот материалдарында айтылғандай, А.Ниязов өз айыбын толық мойындайтынын, оған шын ниетпен өкінетінін білдіріпті, өзін қатаң жазаламауын сұрапты. Айғақ ретінде жиналып, өткізілген іс материалдарын тексеріп, зерделеген сот оның қылмысы жан-жақты дәлелденді деген қорытынды жасаған. Өз кінәсін мойындағанын, отбасылық жағдайын, тағы да басқа  жазасын жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, оған айыппұл жазасын тағайындауды ұйғарыпты.

Сот Айдар Ниязовты мүлкін тәркілеуге, мемлекеттік білім беру саласында лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 60 еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салу жазасына кесті. (Бұл – 12 миллион теңге ақша, ал айыптының төлейтін қаржысы – тергеу абақтысында отырған уақытына шағып шегергенде 11 миллион 957 мың 580 теңге). Сондай-ақ А.Ниязовты мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» медалінен айыру жөнінде жоғары жаққа ұсыныс жіберілетін болды.

Сот материалында А.Ниязовтың өзіне қатысты үкіммен келіскені туралы айтылған. Яғни ол аталған сомадағы айыппұлды төлеуді мойнына алған. Ал 12 миллион теңгеге жуық ақшаны ол бір айдың ішінде төлеп бітуі тиіс. Олай болмаған жағдайда оған қатысты шығарылған сот үкімі бас бостандығынан айыру жазасымен алмастырылуы мүмкін екен.

Сондай-ақ А.Ниязовтың Шымкент қалалық мәслихатының депутаты мандатынан айырылатыны жөнінде де айтылуда. Ол кісі 6-шы шақырылымдағы Шымкент қалалық мәслихаты депутатының мандатын биылғы наурыз айында өткізілген жергілікті мәслихаттар сайлауы кезінде иеленген еді.

...А.Ниязовтың Шымкент көркемсурет және дизайн колледжінің директоры қызметін 2010-жылдан бері атқарып келгені белгілі. Оның алдындағы үш жылда Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасын басқарған болатын.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ