20 миллион теңге төлесе де 6 жылға сотталып кетті

20.10.2016
Қаралды: 1911

Соңғы кездері сыбайлас жемқорлықпен күрес шындап күшіне енгені байқалуда. Оған ірілі-ұсақты шенеунік­терден бастап бұрын­ғы Үкімет басшысының сотталғаны дәлел болса керек. 

Жуырда осындай бір атышулы іске нүкте қо­йылды. Дұрысы, екі рет пара алды деп, бір рет қызмет бабын асыра пайдаланды деп айыптал­ған облыстық фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы міндетін уақытша атқарып отырған Күлзада Өтегенова алты жылға бас бостандығынан айырылды. Оның дүние-мүлкі тәркіленетін болды. Судья Батырбек Құдабаев сонымен бірге оны  өмір бойы мемлекеттік қызметке орналасу құқығынан да айырды.

К.Өтегенова 18-тамыз бен 9-қыркүйек аралығында басшылық қызметті уақытша атқарып жүріп-ақ үш бірдей қылмыс жасап үлгеріпті. Біріншісінде сотталушы «Медсервис плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін жоспарлы түрде тексерген. Неге екені белгісіз, ол жердегілер тексерушінің келетінін алдын-ала білсе де оған дайындалмапты. К.Өтегенова тексеру барысында дәріханада температура сақталмайтынын анықтағанымен, серіктестіктің директоры Г.Фистерден 100 мың теңге алғаннан кейін тексеріс қорытындысында ол кемшіліктер көрсетілмей қалған.

К.Өтегенова екінші рет параны жеке кәсіпкер Светлана Мазурдың дәріханасын тексеру нәтижесінде алмақшы болғанда құзырлы органдар оны тұтқындаған. Сотталушының сөзіне қарағанда, оған аталмыш дәріханада дәрілердің рұқсатсыз беріліп жатқаны туралы мәлімет түскен. Бұл мәліметті жалған етіп шығару үшін жеке кәсіпкер сотталушыға 200 мың теңге беруі керек болыпты. Біріншісінде 100 мың теңгені алып кетіп, қалғанын келесі жолы дәріханада алып жатқанда қолға түскен.

Сотталушы К.Өтегенова бұлардан бөлек, Конституция күні қарсаңында қызметкерлерге сыйақы беруде қызмет бабын асыра пайдаланғаны да анықталып отыр.

Сот барысында прокурор сотталушыға 20 миллион теңге айыппұл төлеу шарасын белгілеуді сұрағанымен судья К.Өтегенованың бас бостандығын алты жылға шектеу туралы шешім шығарған. Судья Б.Құдабаевтың сөзіне қарағанда, сотта бұл қылмыстық іс К.Өтегенованың өз қылмысын мо­йындап, істеген істеріне өкінетіндігінен куәгерлерді сұраусыз, жеңілдетілген тәртіппен өткен. Ал өзгелер секілді айыппұлмен шектелмегенін сотталушының параны бірнеше рет алғанымен байланыстырыпты. Заң бойынша мұндай қылмыс үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру керек екен. Бірақ сотталушы өз кінәсін мойындап, өкінгендіктен заң бойынша оған қолданылатын жаза белгіленген мерзімнің жартысынан, яғни 6 жылдан аспауы керек.

Үкім оқылардан бұрын туысқандары көліктері мен үйлерін сату арқылы айыппұл ретінде прокурор сұраған 20 миллион теңгені тауып, оны сот орындаушылардың есебіне құйғандықтан К.Өтегенова сот залынан босап шығуға үміттеніп отырған екен. Бірақ өзіне тағайындалған жазаны естігенде сотталушының туысқандарына қарай қол созып, көз жасына ерік бергеннен басқа амалы қалмапты.

Әрине, судьяның бұл үкіміне заң талаптары бойынша жоғарғы жаққа шағым түсуі әбден мүмкін.

Ұ. ҮМБЕТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ