Оларды прокуратура қызметкерлері ұстаған екен

10.10.2016
Қаралды: 1085

Таяуда «31-ші арнадан» Жамбыл облысы аумағынан заңсыз құс аулап жүрген екі араб азаматы ұсталғаны жөнінде көрсетілгені белгілі. 

Бұл туралы басқа да ақпарат құралдарында жарияланды. «Полицейлер ұстапты, бірақ прокуратура қызметкерлері бәрібір де жауапқа тартылатындарын айтып оларды босаттырып жіберіпті» деген тұрғыда да баяндалғаны мәлім. Газет тілшісінің бұл дәйектерге сүйене отырып жазған мақаласы «Замананың» өткен нөмірінде «Шейхтар жазасыз кете ме?» деген тақырыппен жарияланған болатын. Осы мақалаға орай редакциямызға Жамбыл облыстық прокуратурасынан мынадай мәтінде хат келді:

«22-қыркүйек күні сағат 11.00-дің шамасында облыстық прокуратура мен «Охотзоопром» мекемесінің қызметкерлері жүргізген рейд кезінде Сарысу ауданына қарасты «Бетпақдала» құмды аумағы жерінен Біріккен Араб Әмірліктерінің екі азаматы ұсталды. Олардың «Ниссан-Патрол» автокөліктерін тексерген кезде аса сирек кездесетіндіктен жоғалу қаупі алдында тұрған қарабауыр бұлдырықтардың 5 тұтас еті, 1 тірі бұлдырық және дуадаққа ұқсас құстың қуырылған тұтас еті  табылды. Сондай-ақ еш жерде тіркелмеген бір ұңғылы мылтық пен 12-ші калибрлі 7 оқ алынды. Материалдар Сарысу аудандық полиция бөліміне өткізілді және прокуратураның тапсырмасымен арнайы тіркеуге алынды.

23-қыркүйекте алынған құстар мен мылтыққа қатысты сот-биологиялық және сот-баллистикалық сараптамалар тағайындалды. Осы күні қылмыстық іс ҚР Қылмыстық Кодексінің 337-бабы 4-ші бөлімінің 2-ші және 4-ші тармақтарына алмастырылып, ары қарай тексеру үшін Сарысу аудандық полициясының тергеу бөліміне өткізілді. Тергеуші бұл заң бұзушылық орта дәрежелі қылмыстық істер қатарына жататынын ескере отырып, күдіктілерден ешқайда кетпеу және қылмысты іздестіру органдарына бару жөнінде қолхат алған».

...Қысқасы, құстарды заңсыз аулағандарды қолға түсірген полицейлер емес, облыстық прокуратура қызметкерлері екен. Олар заң бұзған шетелдіктердің жазасыз кетпейтінін көрсетіп отыр. «Илегенміз – бір терінің пұшпағы» демекші, бәріміздің де парызымыз табиғатты қорғау ғой. Соның үдесінен шығып жатсақ болыпты да.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ