Жамбыл Байғонов 5 жылға сотталды

10.10.2016
Қаралды: 1331

Шымкенттің әл-Фараби аудандық сотында қалалық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бұрынғы басшысы Жамбыл Байғоновқа қатысты сот үкімі шықты. 

Ол Қылмыстық Кодекстің «Адамдар тобымен бірге аса ірі көлемде жасалған алаяқтық» бабы бойынша айыпты деп табылды.

Сот материалдарында айтылғандай, Ж.Байғонов облыс әкімшілігі шаруашылық басқармасының басшысы қызметінде жүргенде (2010-жылы) қылмыс жасаған. Оның үстінен сотқа «Саятжан» деп аталатын серіктестік басшылары шағымдан­ған. Бұл серіктестік кезінде ауылдық жерде салынуы тиіс амбулатория­лық аурухана құрылысына қатысты жарияланған тендерде жеңіске жеткен екен. Мердігер компания Байғоновтың талабымен құрылыс материалдарының 40 пайызын жоғары лауазымды шенеуніктердің жеке үйлерінің құрылысына беруге мәжбүр болыпты, соның кесірінен 30 миллион теңге шығынға ұшыраған.

Аталған компания басшысы Нұркен Айнабековтің мәлімдеуінше, Байғонов олардан 9 миллион 780 мың теңге нақты ақша алып, әкімдік атынан кепіл-хат берген. Оған қоса құрылыс материалдарын алған. Н.Айнабековтің айтуынша, Байғонов және екі адам келісім-шарт бойынша жеткізілген материалдардан өздеріне үй салып алған көрінеді.

Қысқасы, сот Ж.Байғоновты 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті, оның мүлкі тәркіленетін болды. Оған 20 миллион теңге айыппұл салынды. Ол сондай-ақ «Құрмет» ордені мен басқа да мемлекеттік марапаттарынан айырылатын болды.

...Жамбыл Байғоновтың кезінде Бәйдібек, Ордабасы, Сарыағаш аудандарын басқарғаны, Шымкент қаласындағы Абай ауданының әкімі болғаны белгілі.

 Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ