Мал үшін адам құрбан болған заман...

03.10.2016
Қаралды: 917

Таяуда Алматы облысында орын алған аса ауыр қылмыс жайында бүгінде бүкіл ел хабардар болып отыр. 

Мұнда қылмыскер­лердің қолынан ағайынды үш жігіт қаза болды. Олардың соңында үлкені – 13, кішісі 2 жастағы 9 бала әкесіз қалды. Әзірге қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі адам ұстал­ған, олар қамауда отыр, тергеу жүргізілуде.

Ал оқиғаның ұзын-ырғасы былай болған. Алматы облысының Көксу ауданына қарасты «Қазақстан» ауылында тұратын ағайынды жігіттер – Мұқият Зарлыханұлы (1973-жылы туылған), Қаділбек Әлімхан (1977-жылғы) және Жарқынбек Доланұлы (1979-жылы туылған) 17-қыркүйек күні Ұзынағаштағы мал базарына сатуға екі жүк көлігімен 43 бас сиыр алып шығады. (Олар мал саудасымен төрт-бес жылдан бері айналысады екен, бұл жолы малды Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданынан сатып алыпты). Ұзынағашта сол күні олар екі сиырды саудалапты, бұл жөнінде үйлеріне хабарлаған. Ертеңіне Талғат деген біреудің қалған 41 сиырды нақты ақшаға түгелдей сатып алатын болғанын, ол үшін Ұзынағаштан 40 шақырым қашықтағы бір жерге баруға келіскендерін хабарлайды. Содан кейін олардан хабар мүлде үзілген. Осыдан кейін туыстары оларды іздеуге шығады, көп жерлерді қарап, ешбір дерек болмағасын алдымен Көксу аудандық ішкі істер бөліміне, сосын Қордайдың полицейлеріне, ақырында Жамбыл ауданының ішкі істер бөліміне арыз түсіреді.

Атпалдай үш жігіттің мал саудасымен жүріп із-түзсіз жоғалуы елді дүрліктірді, мұны ешкім де жақсылыққа жорыған жоқ. Полициядан бөлек, жанашыр азаматтар да әлеуметтік желілерде хабар таратып, қандай да бір дерек білетіндерді ол жайында полицияға хабарлауға шақырып жатты.

Ал оқиғаның ұзын-ырғасы арада тура 9 күн өткесін, 26-қыркүйек күні белгілі болды. Ағайынды азаматтар қандықол қарақшылардың қолынан қаза тауыпты. Олардың жансыз денелері Ұзынағаштан 200 шақырым қашықтағы елсіз жерден табылды. Қаныпезерлер оларды атып өлтіріп, шұңқырға көміп, мал қиымен көміп кетіпті. Ал оларға тиесілі жүк көліктерін өртеп жібермек болған, бірақ көліктер жартылай өртеніпті, олар да Жамбыл ауданы аумағынан табылды. Сондай-ақ қалған сиырлар да Сұраншы батыр ауылына жақын жайылып жүрген жерінен табылып, иелеріне қайтарылды.

Бейсауыт жүрген адамдарды, иесіз сиырларды көріп, хабарлаған жандардың және полицияның жедел іс-әрекеттерінің арқасында бұл қанды қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Жамбыл ауданының Талғат және Мұрат есімді адамдары ұсталды, олар қазір тергелуде. Ал марқұмдардың туыстары бұл қылмысты екі-ақ адам жасады дегенге сенбейді, олардың сыбайластары болуы әбден мүмкін деп отыр.

...Осылайша үш бірдей отбасы асыраушысынан айырылып, аңырап қалды. Жұртшылық мал үшін адам өмірін қиғандарды қатаң жазаға тартуды сұрап отыр. Ұзынағашта 400-дей адам полиция бөлімінің алдына жиналып, ашу-ызаларын білдірді.

Марқұмдардың туыстарының айтуынша, қылмыскерлер ағайынды үш жігітті аяқ-қолдарын байлап, айдалаға апарыпты. Сосын оларды иесіз мал қора жақтағы шлагбаумға байлап, екеуін басынан, біреуін кеудесінен атып өлтірген де, шұңқырға тастап, қимен көміп кеткен.

Кешегі сейсенбіде туыстары марқұмдардың мәйіттерін ауылдарына апарып жерледі.

Ал бұл қанды қылмысты тергеу барысы Ішкі істер министрінің тікелей бақылауына алынды.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ