Сейтқазы Матаев: «Біз ештеңе ұрлаған жоқпыз!»

03.10.2016
Қаралды: 1011

Астананың Есіл аудандық сотында Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев пен оның ұлы, 

«КазТАГ» ақпараттық агенттігінің бас директоры Әсет Матаевтың үстінен қозғал­ған қылмыстық іс қаралып жатыр. Оларға бюджеттің бірнеше миллион теңге қаржысын талан-таражға салған деген айып тағылғаны белгілі. Бірақ Матаевтар тағылған айыпты мойындаған жоқ. Олар өздерінің үстінен қозғалған қылмыстық істі арнайы тапсырыспен әдейі ұйымдастырылған деп отыр.

Кешегі аптада өткен сот процесі кезінде Сейтқазы Матаев өз сөзін прокурорларға бағыттай отырып, былай деді: «Мен біздің елімізде барлығы да ойдағыдай болуы үшін әрқашан да әділеттілік жағында болып келдім. «Үй қамағына» алынғалы бері журналистерге ештеңе айтқан емеспін. Өйткені тергеу ісінің дұрыс жүретініне, прокурорлардың әділдігіне сендім. Бірақ барлығы да біржақты, сценарий бойынша жүргізілді. Мен бұл өмірде өз ата-анамнан басқа ешкімге ештеңе қарыз емеспін, ешкімнің алдында міндетті де емеспін. Сондықтан кімнің де болса алдында тізерлеп тұрып кешірім сұрамаймын. Біреуден кек алуды да ойламаймын, маған мұның түкке де керегі жоқ. Ар алдындағы сот бар, соны ұмытпаңыздар! Мен де, ұлым да ештеңе ұрлаған жоқпыз, ұрлауға ниеттенген де емеспіз. Біз кінәсізбіз. Маған тиесілі виллалар, коттедждер, офшорлар табыңыздаршы. Менде ондайдың біреуі де жоқ. Сіздер айыптауды неден құрадыңыздар? Менің шоттарымды, тіпті жаңа туған немерелерімнің шоттарын да тексердіңіздер ғой, бәрібір де ештеңе таппадыңыздар. Егер тапсаңыздар мен бәріне де келісер едім. Ал олай болмай шықса, сіздер ол үшін ұялуларыңыз керек».

С.Матаев соттағы өзінің соңғы сөзінде бұл қылмыстық істің жүргізілуіне арнайы тапсырыс бергендер бар деп бірнеше жоғары лауазымды адамдардың атын нақтылап атады.

 ...Бұл сот процестері алдағы 3-қазанда аяқталмақ. Прокурорлар Сейтқазы Матаевты – 6 жыл 8 айға, ал оның ұлы Әсет Матаевты 6 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуді сұрап отыр.

Біз Астана соты әділ шешім шығарар деп үміттенеміз.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ