Бас сәулетші 280 мың теңге парамен ұсталды

03.10.2016
Қаралды: 1316

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюро тағы да бір шымкенттік шенеуніктің істі болғаны туралы жариялады. 

«Тағы да» деп отырған себебіміз, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің таяуда ғана Шымкент қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Е.Бұқарбаевты мемлекет қаржысын жымқырған деген күдікпен тұтқындағаны белгілі. Дегенмен одан беріде іс барысы туралы ресми мәліметтер айтыла қойған жоқ.

Енді, міне, тағы бір жайсыз хабар шығып отыр. Бұл жолы Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бауыржан Кенжеғұловтың пара алып ұстал­ғаны туралы жария етілді. Онда бас сәулетшінің бір азаматтан тұрғын үйді пайдалануға беру актісін тіркеу үшін 280 мың теңге пара алғаны туралы айтылады. Ол параны арада жүрген делдал арқылы алған көрінеді.

Б.Кенжеғұлов бүгінде Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының уақытша оқшаулау абақтысында отыр, үстінен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

...Б.Кенжеғұловтың жасы қазір 29-да. Ол Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы қызметіне осыдан бір жыл бұрын тағайындалған болатын. Қала әкімі оған құны 270 миллиард теңгені құрайтын «Шымкент-Сити» қалашығының құрылыс жұмыстарын басқаруды сеніп тапсырған еді.

Болашағынан үлкен үміт күттірген жап-жас жігіттің басына осылайша ойламаған жерден іс түсуі өкінішті-ақ, әрине. Ол азамат шын мәнісінде кінәлі ме, жоқ әлде бұл  біреулердің қасақана ұйымдастырған қастық әрекеті ме, бұл жағы тек бір Аллаға аян.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ