Түркістанда талай былықтың беті ашылды

19.09.2016
Қаралды: 1407

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің  қызметкерлері Түркістан қаласының аумағында құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды  болдырмау, 

сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кең ауқымды рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Іс-шаралардың 10 күнінде тәртіп сақшылары 43 қылмысты әшкереледі. Бұлардың қатарында бөтеннің мүлкін ұрлау, тонау, алаяқтық, ұсақ ұрлықтар, қаруды заңсыз сақтау, өз бетінше өктемдік таныту, тұрғындардың заңды мүдделеріне қол сұғу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе жұмсау, бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру қылмыстары бар.

Тәртіп сақшылары «Түркістан – Балтакөл» тас жолында «Мерседес» автокөлігін тоқтатып, мал ұрлығына қатысты күдікті 3 азаматты құрықтады. Олар – Түркістан қаласы мен Ордабасы ауданының 1983, 1985 және 1991-жылдары туылған тұрғындары. Полицейлер  автокөліктің салонынан ірі қара  малдың тұтастай етін,   12 калибрлі аңшы мылтығын, пышақ және басқа да заттарды анықтап, айғақ зат ретінде тәркіледі. Бүгінгі таңда тергеу барысында күдіктілердің  мал ұрлығы бойынша 13 дерекке қатыстылығы анықталды.  Аталған жайт бойынша  қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ жедел алдын-алу іс-шаралары барысында полицейлер есірткі заттарымен заңсыз айналысқан, құрамында есірткі заттары бар өсімдіктер өсірген екі жергілікті тұрғынды құрықтады.

Полицейлер жеңгетайлық және притонды ұйымдастыру бойынша 4 деректі әшкереледі,  27 жеңгетай мен жеңіл жүрісті әйел арнайы есепке алынды.

Сонымен қатар рейдтік іс-шаралар барысында ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметкерлері 1494 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.

Автокөлік құралдарын мас халде басқарған 19 жүргізуші құрықталып, 157 автокөлік ақылы айыптұраққа  қойылды.

Жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторлар  әртүрлі құқық бұзушылықтар жасаған 55 жасөспірімді   полиция бөліміне жеткізді.  Тәртіп сақшылары 70 әкімшілік хаттама, оның ішінде жасөспірімдердің түнгі уақытта үлкендердің қарауынсыз жүруі бойынша 63 хаттама толтырды.  Балаларының тәрбиесіне немқұрайды қараған 7 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылып,  8 жасөспірім мен 7 қолайсыз отбасы  алдын-алу есебіне алынды.

Түркістан қаласындағы қабылдап-тарату орнына  5 адам жеткізіліп,  ҚР Көші-қон Заңнамасын бұзған 16 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Оңтүстік Қазақстан облыстық

ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ