Бірнеше әкім қатарынан қамауға алынды

13.09.2016
Қаралды: 1461

Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында ірі қылмыс ашылды деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюро. 

Қаржы полициясы бұл қылмысқа аталған аудандағы бірнеше ауыл округі әкімдерінің қатысы бар екенін мәлімдеді. Яғни олар мемлекеттік «Балапан» және «2011 – 2020-жылдардағы білім саласының дамуы» бағдарламаларына бөлінген қаржыны мектепке дейінгі жекеменшік ұйымдардың басшыларымен біріге отырып талан-таражға салыпты, ақшаны «ойдан шығарылған» балаларды бірнеше балабақшаға жалған тіркеу арқылы жым­қырып отырған.

Ұлттық бюро жариялаған мәліметтерге қарағанда, Мақтаарал ауданындағы Жаңа жол ауылдық округінің әкімі бухгалтер Омаровпен, «Айсана ана» және «Жас шуақ» балабақшаларының құрылтайшысы Биболовпен біріге отырып 40 миллион теңгеге жуық ақшаны иемденген. «Нұрлыбаев» ауылдық округіндегілер де осындай жолмен 25 миллион теңгеден астам ақшаны иемденіпті. Ұлттық бюроның хабарлауынша, бұл қылмысқа қатысы бар бірнеше әкім істі тергеп жатқан қаржы полицейлеріне оны жауып тастау үшін пара бермек болған.

«Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Жаңа жол ауылдық округінің әкімі Сатыбалдиев бухгалтер Омаровпен бірге – 500 мың теңге, Атакент ауылдық округінің әкімі Әлиев900 мың теңге, Еңбекші ауылдық округінің әкімі Ибрагимов – 450 мың теңге, Жамбыл ауылдық округінің әкімі Қалдыбаев – 490 мың теңге, Иіржар ауылдық округінің әкімі Тұршаев – 630 мың теңге, Мырзакент ауылдық округінің әкімі Ерімбетов – 660 мың теңге, «Қалыбекова» ауылдық округінің әкімі Бектұрсынов 460 мың теңге пара беру үстінде ұсталды», – деп хабарлайды Ұлттық бюро.

Бүгінде аталған әкімдердің бәрі уақытқа оқшаулау абақтысына қамалған. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ