Тоқтар Төлешовке қатысты қылмыстық іс 300 томды құрайды

12.09.2016
Қаралды: 1132

Бұқаралық ақпарат құралдарында шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешовтің ісіне қатысты басты сот талқылауы басталатыны жөнінде хабарлануда.  

Т.Төлешовке билікті күшпен тартып алмақ болған, кісі өлтірген, адам ұрлаған, экстремистік топ құрған, қарақшылық шабуыл жасаған деген, тағы басқа – барлығы 16 қылмыстық іс бойынша айып тағылуда екен.

Бұл қылмыстық іс 300 томды құрайды. Оған 104 куәгер, 17 жәбірленуші тартылып отыр. Айыпталушылар – 25 адам, бүгінде олардың қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталу үстінде.

Анық-қанығын кім білген, дәл осы күндері әлеуметтік желіде Т.Төлешовтің  ҰҚК төрағасына қылмысын мойындап өз қолымен жазып, қол қойған түсініктемесі деген, мөр басылған жазба жүр. Ондағы жазылғандарға сенсек, Төлешов өзінің қарамағындағы Аянов деген азаматқа 100 мың доллар ақша беріп, еліміздің батыс облыстарында жер шетелдіктерге сатылып жатыр деген жалған ақпарат таратуға, халықты шеруге шығаруға әрекеттенген. Сондай-ақ онда Төлешов тергеу орындарын өзін түрмеден босатуға мәжбүрлеу үшін Сарыағаштың халқын көтеруге әрекеттенгенін, осы мақсатта 5 мыңдай адам жинап, олардың әрқайсысына 100 доллардан бермек болғанын жазыпты. Енді бәрін мойындаймын, қандай жаза қолдансаңдар да дайынмын дегендей сыңай білдіріпті. Дегенмен жұрттың бұған сене қоюы қиын шығар.

...Ал Т.Төлешов ісіне қатысты басты сот талқылаулары Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында басталады. Ол алдағы 14-қыркүйекке белгіленіпті.

Бетті дайындаған – Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ