«Күйеуім жемқорлармен күрескені үшін қамалып жатыр»

24.08.2016
Қаралды: 1294

Биылғы көктемде Сарыағаш ауданының бір топ медицина қызметкерлері Шымкентте баспасөз мәслихатын өткізгені, 

одан кейін денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық әкімшілікке барғаны белгілі. Олар аудандық емханаға Нұржан Ақбердиев бас дәрігер болып барғалы заң бұзушылықтар көбейді, басқарма басшылары осыны көрсе де үнсіздік танытуда деп өздерінің наразылығын көпшілікке жеткізбекші болған еді. Ал арада үш ай өткенде сол баспасөз мәслихатын ұйымдастырушы аудандағы денсаулық сақтау саласының жергілікті кәсіподағын бас­қаратын Ибрагим Жүнісбековтің үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол 18 айға абақтыға қамалыпты. Бұл жөнінде өзінің күйеуі жазықсыз сотталды деп редакцияға келген, кейін екінші рет баспасөз мәслихатын өткізген Ибрагим Жүнісбековтің жұбайы Кәрима Мүсірәлиева (суретте) былай дейді:

«Сарыағаштағы аудандық емханада заңсыздықтардың болып жатқаны шындық. Менің күйеуім Ибрагим Жүнісбеков мемлекеттің қаржысы қалай талан-таражға түсіп жатқанын дәлелдеді. Жоғарыдағылар мұны көрсе де көрмеген сыңай танытып отыр.

Даудың басы «Құркелес» дәрігерлік емханасының аға дәрігері Айсұлу Жұмәділованың үстінен қарамағындағылардың кәсіподаққа шағымдануынан басталған. Сол арыз негізінде кәсіподақ ұйымы бас дәрігерден аталған емхананы тексеруді сұрайды. Жеті адамнан құрылған комиссия кемшіліктерді анықтап, бас дәрігерге мынадай анықтама берген:

«...И.Жүнісбековтің жазған арызындағы көрсетілген мәлі­меттер толығымен дерлік өз дәлелін тапты. А.Жұмәділова атқарып отырған аға дәрігер лауазымына сәйкес емес. Сондықтан А.Жұмәділованы аға дәрігерлік қызметтен босатуды, онымен жасалған еңбек  шартын тоқтатуды ұсынамыз».  

Бас дәрігер бұл ұсынысты орындаудың орнына мемлекетке келтірілген басқа да миллиондаған теңге шығындарға көз жұма қарайды. Тіпті кешірім бергендіктен А.Жұмәділова жұмысына қайта орналасқан. Осындай заңсыздықтарға барып, мемлекеттің ақшасын талан-таражға салған адамды кешіретін құқықты Н.Ақбердиевке кім беріпті?

Керісініше, осыдан кейін арыз жазғандарды заңсыз қудалау басталған. Ибрагимнің арызы бойынша облыстан барған тексерушілер қылмысты ашудың орнына қыздарға қырындап, қай істі қалай жабуды сол жердегілермен ақылдасыпты. Бұл сөздердің барлығын Ибрагим жасырын жазып ал­ған. Мұның стенограммасы бар, басшыларына жолданған.

Бұл жемқорлықты ашуда облыс тарапынан жүргізілген жұмыс­қа көңілі толмаған Ибрагим 9-маусымға Қожамжаровтың қабылдауына жазылады. Барлық құжаттарды сол жаққа апармақшы болғанын жоғарыдағылар біліп қойған. Сөйтіп Ибрагимнің ол жаққа барғаны біреулерге тиімсіз болады. Күйеуім ешкіммен келіспейді. Сондықтан тез арада оны қа­мау­дан басқа амал таппайды.

Оған да себеп табылды. Ибрагим 13-қаңтар күні А.Жұмәділованы жұмыстан босату туралы мәселе қозғағаны үшін емхананың заңгері Бауыр­жан Жүнісовпен төбелесіп қалады. Сол кезде Б.Жүнісов кірпішпен күйеуімнің шекесінен ұрып, аяғынан теуіп жарақаттайды. Мұның барлығын көзімен көрген адам бар. Бірақ Б.Жүнісов мені И.Жүнісбеков ұрды дейді. Осылай екеуі де бір күнде полицияға арызданған. Екеуінің де дәрігерлерге көрінген құжаттары бар. Ол жерде Б.Жүнісов басы мен жұмсақ бұлшық еттерінің ауырғанын, жүрегі айнып, құсқысы келгенін айтып шағымданады. Шымкентте Б.Жүнісовті «Жедел жәрдемдегі» Руслан есімді дәрігер тексерген. Ол үлкен бас сүйектерінен бастап ұсақ сүйектеріне дейін тексергенде еш жарақат жоқ болғанын жазыпты. Мен мұның барлығын соттағы құжаттардан алдым. Осылайша екеуіне де орта деңгейдегі дене жарақаты деген диагноз қойылады.

Бірақ неге екені белгісіз, тергеуші Ибрагимнің ісін кейінге қалдырып, Б.Жүнісовтің ісін тез арада сотқа өткізген. Тергеу бір жақты жүргізіліп, Ибрагимді соттап отыр. Төбелесті көрген бір адам бар, ол Ақерке Мәрікбай – емханаға емделуге барған әйел. Басқа куәлік бергендер ол жерде болмаған. Сонда да судья жалған куәлік бергендердің сөзіне сенгенді дұрыс көрді.

Төбелестен кейін Б.Жүнісов полицияға барып, өз қолымен арыз жазады. Ол күні саусағының шыққаны немесе сын­ғаны туралы шағымданбайды. Бірақ арада бір ай өткенде, яғни 10-ақпан күні Б.Жүнісов саусақтарын рентгенге түсірген. Тағы 13 күннен кейін Сары­ағаштағы бір дәрігерге «бұрын сынған саусақтары жазылып келеді» деген тексті өзі жазып апарып қол қойғызып алған. Ол да сот барысында айтылғанымен назарға алынбаған. Ал куәлік бергендердің барлығы – Н.Ақбердиев пен Б.Жүнісовтің адамдары.

Ибрагим қамалғаннан кейін араға бір ай салып Қаржы министрлігіндегі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы А.Жұмаділдаевтан хат келді. Онда Сарыағаш аудандық емханасын тексеру барысында жанар-жағармай үшін 468,4 мың теңге мен еңбекақы төлеуде 2 миллион 406 мың теңгенің талан-тараж болғаны расталғаны, облыстан барған тексеруші М.Жұмағұлов тарапынан тексерудің дұрыс болмағандығы көрсетілген.

Осылайша кәсіподақ мүше­лерін қорғаймын, мемлекеттің далаға кеткен ақшасын орнына қойдырамын деп жемқорлармен күресіп жүрген менің балаларымның әкесі Ибрагим Жүнісбековті Сарыағаш аудандық сотының судьясы бір жарым жылға соттады да жіберді. Президент жемқорлықты жо­йыңдар дейді, ал Оңтүстікте жемқорларды емес, сол жем­қорлармен күрескендерді соттап жатыр. Осыдан кейін кімнің мемлекеттің ақшасына жаны ашиды, кім жемқорлармен күреседі?»

Баспасөз мәслихатынан кейін біз сол жерде болған Ақерке Мәрікбайға төбелесті көргеніңіз рас па деген сұрақ қойдық.  «Мен әжетханадан келе жатып көрдім. Алдында басқалар «Жалбыршаш» деп атайтын Ибрагим келе жатыр еді. Артындағы адам: «Әй, сенің артыңнан ит секілді еріп жүре берем бе, айтатыныңды айтсайшы!» – деді. Сол кезде Ибрагим бұрылғанда анау қолындағы тас секілді бір нәрсемен оның, қателеспесем, оң ше­кесінен ұрды, еңкейгенде аяғынан теуіп құлатты. Сәлден кейін құлап жатқан Ибрагим ананың аяғына жабысты. Осы кезде тағы екі адам шықты. Алдыңғысы көзілдірік киген Тәшкенбай деген кісі екенін кейін білдім. Мен: «Адамсыңдар ғой, мыналарды ажыратсаңдаршы!» – деп айқайладым. Ол екеуі төбелескендерді ішке алып кетті. Басқа адам болған жоқ», – деді ол.

Ақ-қарасына бағаны тиісті орындар берер деген оймен мақаланы осы жерден тоқтатсақ болар еді. Бірақ біз сол төбелеске куә болған екінші адамның – Тәшкенбай Айбе­ковтің сотқа жазған хатын назар­дан тыс қалдырғанды дұрыс са­на­мадық. Ол былай деп жа­­зып­ты:

«Төбелесті көрдім. Іс тергеу­ге өткенде емханадағы кадр бөлімінің инспекторы Райымбек Нәдірбеков: «Сен ол жерде төбелесті көрген жоқсың, тергеуге ол жерде болған жоқпын деп айтасың», – деп нұсқау берді. Соттан кейін Б.Жүнісов екеуі айтқандарын орындамағаным үшін жұмыстан кету туралы арыз жазуды ескертті. Мен олардың арам пиғылынан сескеніп, 6-маусым күні жұмыс­тан кетуге мәжбүр болдым».

Жалпы, бұл мәліметтердің барлығы сотта да айтылған. Бірақ неге екені белгісіз, судья И.Жүнісбековті айыпты деп тап­қан. Бұдан кейін И.Жүніс­бековтің шекесінен таспен ұрған Б.Жүнісов туралы тергеу барысы не болғанын сұраудың өзі артықтау шығар деп ойлаймыз.

Ұ. ҮМБЕТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ