20 мың теңге пара алыпты

24.03.2016
Қаралды: 2183

Елімізде арзымайтын көлемде пара алып, соңынан істі болып жатқан шенеуніктер аз емес.

Солардың бірі – Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Серік Айтымбетов (суретте). Оған былтырғы жылдың қазан айында 20 мың теңге пара деген айып тағылған болатын. Біз кезінде ол туралы газетте жазғанбыз. Таяуда осы іске байланысты сот процесі өз мәресіне жетті. Бұл істі Қаратау аудандық сотының төрағасы Е.Рахманберді қарады.

Айта кетейік, Серік Айтымбетов бұл қызметке 2014-жылдың қазан айында тағайындалған. Оның міндетіне басқарманың экономика бөлімінің жұмысын қадағалау, ұйымдастыру, қаржының игерілуін қадағалау жұмысы кіретін. Соған сәйкес, ол Бәйдібек ауданына қарасты Шыбыт және Кеңестөбе ауылдарындағы мәдениет үйлерінің жылу жүйесін жөндеуге қатысты құрылған комиссияның құрамында болған. Бар мәселе осы жерден бастау алыпты.

Шымкенттің Қаратау аудандық соты шығарған үкімде бұл жөнінде мынадай жайлар туралы айтылады:

...2015-жылдың 29-қазанында Серік Айтымбетовтің қызметтік кабинетіне аталмыш мәдениет үйін жөндеуді міндетіне алған «Авторемстрой ЛТД» серіктестігінің атынан Сайдирасулхан Ералиев деген кісі келеді. Сөйтіп басқарма басшысының орынбасарынан мемлекеттік қабылдау комиссиясына ұсыну үшін күрделі жөндеуден өткен нысанның дайын екендігі туралы қорытындыға қол қойып беруін өтінеді. Алайда С.Айтымбетов қол қоймастан бұрын: «Қанша бересің?» – деп сұраған. Серіктестік өкілі әр нысанға 10 мың теңгеден беретінін айтып, қалтасынан 20 мың теңге шығарып, Серік Айтымбетовтің қызметтік үстеліндегі тартпаға салған. Содан кейін ғана Серік Айтымбетов құжаттарға қол қойып, одан әрі кеңсеге барып мөр бастырып алуы керегін ескерткен. Ертеңіне, яғни 30-шы қазан күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары арнайы қарап-тексеру жұмыстарын жүргізгенде Серік Айтымбетовтің кабинетінен арнайы белгі ұрылған 20 мың теңге тапқан.

Сотта куә ретінде түсінік берген «Авторемстрой ЛТД» серіктестігінің өкілі Сайдирасулхан Ералиев С.Айтымбетовтің алдына барғанын, комиссия мүшесі ретінде құжаттарға қол қоюын өтінгенін, алайда Айтымбетов ақша дәметкесін 10 мың теңгелік ақшаның 2 данасын алып, үстелінің тартпасына салып кеткенін айтқан. Және бұл ақшаны ол пара ретінде емес, қол қойып бергеніне айтқан алғысы ретінде бергенін растаған.

Тергеу барысында басқарма басшысы орынбасарының тағы да бір іске қатысы бары анықталған. Ол өзінің К.Касимов деген танысының туысы А.Құрақтан 1 мың АҚШ долларын талап еткен екен. Бұл ақшаны ол А.Құрақты бір апта ішінде жұмысқа тұрғызып беруі үшін алмақ болыпты.

Сотта Серік Айтымбетов: «Касимов бірнеше мәрте хабарласып, туысының жақсы оқитынын және жұмыс істеп жүргенін айтып, менен жұмыс тауып беруін өтінді. Мен оған әзірге бос жұмыс орны жоқтығын, ешқандай көмек көрсете алмайтынымды айтқанда Касимов: «Қайта-қайта өтініп, мазамды алып жатыр, бірдеңе айтып шығарып салшы», – деп өтінді. Содан соң мен Алтынай Құраққа диплом көшірмесін қалдыруын, ал жұмысқа кіру «ставкасы» шамамен 2 мың АҚШ доллары көлемінде  екенін, егер 1 мың доллар әкелсе, бір апта ішінде жұмысқа орналасуына көмектесетінімді айттым. Касимов маған А.Құрақтың қаржылық жағдайының онша еместігін айтқан. Мен егер осылай айтсам жұмыс сұрап мазаламас деп ойладым. Менің ол адамнан ақша алатын ойым болған емес», – деп түсінік берген.

Жалпы, Серік Айтымбетовті қолға түсіру операциясы алдын-ала дайындықпен жүргізілген сияқты. Оған дәлел ретінде Оңтүстік Қазақстан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінде тергеуші болып жұмыс істейтін Қ.Тасовтың сотта берген түсініктемесін айтуға болады.

Ол сотта бұл істің Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасына қарасты мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Н.Әділхановқа қатысты қозғалған қылмыстық іспен байланысты екенін айтқан. Яғни Н.Әділханов ісін тергеу барысында ақша жымқыру әрекеттері орын алғаны белгілі болған. Соған сәйкес, облыс прокурорының арнайы қаулысымен жасырын тексеру жүргізілген. Тексеру барысында Н.Әділханов ісіне С.Айтымбетовтің де қатысы бары анықталған. Бастапқыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары Н.Әділхановты басқарма басшысының орынбасары С.Айтымбетовке пара беру үстінде ұстамақ болған екен, алайда кейіннен басқа қылмыс деректері ашылып, жоспарлары өзгерген.

...Қысқасы, Серік Айтымбетовтің үстінен қозғалған қылмыстық іс осылай өрбіген. Қаратау аудандық сотының төрағасы Е.Рахманберді Серік Айтымбетовты Қылмыстық Кодекстің 361-бабы, 2-бөлігімен кінәлі деп тауып, оған 1 миллион 209 мың 200 теңге көлемінде айыппұл салды. Сондай-ақ Серік Айтымбетовтің дүние-мүлкі тәркіленіп, ол мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айырылды.

Бұл іске байланысты Серік Айтымбетовтің өзі не дер екен? Ол расында да өзін кінәлімін деп есептей ме? Шығарылған үкіммен келісе ме? 

Міне, осы мәселелерді біз алдағы уақытта Серік Айтымбетовтің өзінен сұрасақ па деп отырмыз. 

Г. ХАЛЫҚҚЫЗЫ.

(Сурет С. Айтымбетовтің «Фейсбуктегі» парақшасынан алынды).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ