Бәйдібекте барымташылар құрықталды

24.03.2016
Қаралды: 1980

Бәйдібек аудандық прокуратурасының қызметкерлері мал ұрлығы қылмыстарының ашылуы, тергелуі және кінәлілерге жаза тағайындалуына байланысты сот-тергеу практикасын зерделеп, құқық қорғау органдарының жұмыс тиімділігін жоғарылату мақсатында үйлестіру іс-шараларын ұйымдастыруда.

Өткен жылы аудан көлемінде тіркелген 289 қылмыстың 129-ы бөтеннің мүлкін ұрлау болса, оның 78-і мал ұрлығына қатысты тіркелген. Осыған орай аудан прокуратурасы «мал ұрлығы картасын» жасап, криминогендік жағдайдың осал учаскелерін айқындады. Мал ұрлығы жиі орын алған ауылдардың жолдарында уақытша полиция бекеттерін құрып, жол бойына орнатылған бейнекамералардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалануда. Сондай-ақ қоғамдық көмекшілердің санын арттырып, ауыл белсенділерімен тізе қосып жұмыс істеуде.

Аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлері құрамынан 4 жұмыс тобы құрылған. Шаян, Алғабас, Боралдай және Бөген ауылдарына кіре беріс тас жолдарда уақытша бекет орнатылды. Әр экипажға борттық журнал беріліп, мал тасыған көліктер тексерілуде.

Ұйымдастырылған жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде мал ұрлығын кәсіп еткен қылмыстық топ құрықталды. Қазіргі таңда осы топтың 4 белсендісі қамауға алынып, олардың ұрлықы малды тасымалдауға пайдаланған «ГАЗель» автокөлігіне тиым салынды.

Айта кетелік, күдіктілер полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен. Сол топтың белсендісі З.Р. құрықтау кезінде полицияның арнайы көлігін зақымдап, өз автокөлігімен полиция қызметкеріне дене жарақатын салған.

Ал қылмыстық топтың екінші белсендісі А.Т. Бәйдібек ауданындағы Теректі ауылында мал қораға қашып тығылған соң полиция қызметкерлері қораны қоршап, күдіктінің өз еркімен берілуін талап етеді. Алайда спирттік ішімдік ішкен күдікті масаң халде болып, полиция қызметкерлеріне берілмейтінін айтқан. Өзінің оң және сол қолдарының білек тұсынан асханалық пышақпен кесіп жатқан кезінде полиция қызметкерлері ұстады.

Қылмыстық топтың қалған мүшелері 9 бас ірі қара малды ұрлау фактісін мойындап, жәбірленушілерге келтірілген залалдың орнын ішінара толтыруына байланысты оларға қатысты «Кепіл» бұлтартпау шарасы қолданылды.

Былтыр аудан аумағында 120 ірі қара және 315 уақ мал қолды болған. Оның 42 фактісі малды жайылымнан ұрлау болса, 36 ұрлық қораларда жасалған. Өкінішке орай, жасалған қылмыстың басым көпшілігі әлі ашылған жоқ. Ал үстіміздегі жылдың тек қаңтар айында ауданда 7 мал ұрлығы фактісі тіркеліп, қылмыс деңгейі былтырғыға қарағанда 75 пайызға өскені байқалады.

Сондай-ақ малын қараусыз жіберген азаматтар да жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз.

Таяуда Ақбастау ауыл округінде қараусыз малдар егістігін таптағаны үшін кәсіпкер А.Т. мал бағушы Р.Ю-ды ашуланып «Нива» автокөлігімен екі рет соққан. Р.Ю. бірнеше қабырғалары сынып, ауруханаға түскен. Ал кәсіпкер қасақана ауыр дене жарақатын салғаны үшін күдікті ретінде уақытша ұстау абақтысына қамалды.

Ә. МҰСТАФАЕВ,
Бәйдібек ауданының прокуроры.

Пікір қалдыру

1000 символ