ОҚМУ-дің ректоры істі болған ба?

04.08.2016
Қаралды: 1941

Кешегі аптада ғаламторда Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің басшысына қатысты жайсыз хабар таралды. Онда былай делінген:

«М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің ректоры Жұмахан Мірхалықовқа қатысты қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікпен қылмыстық іс қаралуда. 2016-жылдың 28-маусымында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ұлттық бюроға Тараз қаласының тұрғынынан арыз түскен. Онда ОҚМУ-дің ректоры мен тағы басқа адамдар өз қызметтерін асыра пайдалану арқылы тендердің қорытындысын оң шешіп беру үшін жеке және заңды тұлғалардан 2012 – 2016-жылдар аралығында пара алған, сонымен бірге  университеттің жатақханасын заңсыз жекешелендіру арқылы мемлекет мүлкін талан-таражға салған деп айтылады».

Бүгінде бұл іске қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр екен. Біз ел аузындағы сөздің анық-қанығын білу үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроның облыс департаментіндегі жауапты мамандарға хабарластық. Бірақ ол жердегілердің бірі: «Тергеу құпиясына байланысты бұл мәселе туралы әзірге ештеңе айта алмаймыз», – деді, өз есімін атамауымызды өтінді. Тіпті әлеуметтік желілерде жүрген мәліметтің ресми еместігін айтып, оны жіберілген хаттарға жауап беру барысында тарап кеткен мәлімет деген сыңай білдірді.

Ал біз байланысқан университет қызметкерлері өздері хабарлас­қанымен басшыларының телефонды көтермей жүргенін айтты, оның қазір қамауда еместігіне сенімді екендіктерін жасырмады. «Ол кісі ондай ұсақ-түйекке баратын адам емес еді, кім біледі, сыртынан біреулер бірнәрсе ұйымдастырып жүрмесе...» – дегенді де айтып қалды.

Қысқасы, ОҚМУ-дің ректоры Жұмахан Мірхалықовқа қатысты сөз көбейіп тұр. Құзырлы орындар бұл мәселенің анық-қанығын көп ұзамай айтар деген ойдамыз.

Ә. НАУАЙЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ