Амангелді Сопбеков қамауға алынды

01.08.2016
Қаралды: 2679

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты пара берді деген күдікпен ұсталды.

 «Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроның Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті хабарлады» деп жазады Tengrіnews.kz

«Оңтүстік Қазақстан политихникалық колледжінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Амангелді Сопбековты аталған департамент қызметкерлері пара беріп жатқан жерінен қолға түсіріпті. Белгілі бол­ғанындай, А.Сопбеков колледждегі қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы А.Бекболатұлы арқылы ОҚО білім басқармасындағы лауазымды тұлғаға 3 миллион теңге көлемінде пара берген. Ол үшін шенеунік білім ордасына мемлекеттік грант алып беруі тиіс болған», – делінген аталған хабарламада. Ұсталған күдіктілердің барлығы бүгінде қамауға алынып, тергеу амалдары жүріп жатыр екен.

Қысқасы, Оңтүстікте араға ай салмастан  шенеуніктер пара берді немесе пара алды деген күдікпен қолға түсуде. Ең сорақысы, солардың көпшілігі білім саласына қатысы бар және өздерін халық қалап сайлады деп жүрген депутаттар.

А.Сопбековке қатысты оқиғаға байланысты біреулер бұл өткен мәслихат сайлауы кезінде біреулердің алдын кескені үшін оған қарсы қолдан ұйымдастырылған болуы мүмкін деген жорамал айтып жүр. Қалай болғанда да бұл жағдайлар Оңтүстіктің атын жақсы жағынан шығармасы анық.

Аталмыш колледж облыстық білім басқармасына қарайтын болғандықтан біз А.Сопбеков тұтқындалды деген күні аталған мекеменің баспасөз хатшысына хабарласып, бұған қатысты мәлімет беруді сұрадық.

«Тап қазіргі уақытта біздің қолымыздағы мәлімет те сіздердегіден артық емес, – деді баспасөз хатшысы Азат Әміртаев. – Не болғанын біз де білмей отырмыз. Әлі бас­қармаға толық мәлімет түскен жоқ. Ертең барлығы белгілі болатын шығар. Сол кезде мәлімдеме жасаймыз».

Қысқасы, пара берді деген күдікпен А.Сопбековтің қолына кісен салынды. Осыған қатысты сурет те ғаламторда жарияланып кетті. Енді оны ешкім жоққа шығара алмаса керек. Дегенмен пара бермек болған адам колледждегі қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы А.Бекболатұлының өзі болса,  онда А.Сопбековтің бұл іске еш қатысы жоқ болып шығуы да әбден мүмкін...

М. ҰЛЫҚБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ