Құрылыс бөлімінің басшысы қамауда отыр

25.07.2016
Қаралды: 2051

Шымкент қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Е.Бұқарбаев қамауға алынды. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. 

Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроның ресми мәліметінен белгілі болып отыр.

Қылмыстық іс 2013-жылы Бадам өзенінің Шымкенттің ішімен өтетін тұсындағы жүргізілген абаттандыру жұмыстарына бөлінген 170 миллион теңгені жымқырды деген күдікпен қозғалған. Осынша қаражат сыбайластық жолмен жалған кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, өзара бөлісілген деген болжам бар.

Осы іс бойынша «Строй сервис-7» компаниясының да бірқатар басшы қызметкерлері жауап беріп жат­қаны белгілі болды. Атап айтқанда, компания басшылары К.Орашев пен Ұ.Шымыров және техникалық қадағалау бөлімінің басшысы С.Смаханова бүгінде  жауап беруде екен. Олар­ға «кепіл» түрінде бұлтартпау шарасы қолданылған, қазірге дейін материалдық шығынның 50 миллион теңгесі қайтарылыпты. Бүгінде сотқа дейінгі тексеру жұмыстары жүріп жатыр.

...Жалпы, шілде айы қаржы полиция­сының жұмысын да қыздырып тұрған сияқты. Мысалы, осы айдың басында қаржы полицейлері Мақтаарал ауданындағы бір қылмысты ашқанын жария­лаған еді. Яғни осындағы «Айсана ана» және «Жас шуақ» деп аталатын балабақшалардың құрылтайшысы әрі меңгерушісі А.Байболов деген азамат мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы бо­йынша бөлінген 10 миллион теңгені жым­қырғаны анықталды деп хабарланған. Бұл азамат мұнша ақшаны балабақшадағы балалар санын жасанды жолмен арттыру әдісі арқылы уысына түсіріпті.

Ал арада көп өтпей қаржы полицейлері Шымкенттегі көркемсурет және дизайн колледжінің директоры А.Ниязовтың 200 мың теңге пара алу үстінде ұсталғанын жария еткен болатын. Ол кісі бұл ақшаны бір мұғалімнен оның сабақ жүктемесін арттыруға және бір талапкердің колледжге қабылдануына көрсететін көмегі үшін алмақ болған көрінеді.

...Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейген сайын жемқорлық та күшейіп келе ме, қалай өзі?

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ