Шымкентте 15 полицей бір күнде істі болды

25.07.2016
Қаралды: 1259

Шымкентте облыстық ішкі істер департаментінің бірнеше лауазымды қызметкеріне қатысты шулы оқиға орын алды. 

Бірнеше жауапты қызметкерге сыбайлас жемқорлық оқиғалары бойынша күдік тағылып отыр. Ал оларды Астанадан арнайы келген топ жұмыс орындарында тұтқындапты.

Жалпы, бұл оқиғадан жұрт құлағдар болғанымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроның Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті ол жөнінде ресми түрде жариялаған жоқ.

Ал белгілі болғаны – қолға түскендер негізінен облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полициясына қарасты тіркеу-емтихан бөлімінің, яғни автокөлік жүргізушілеріне куәлік беретін, көлікке қатысты рәсімдеу шараларын жүргізетін бөлімнің басшы құрам қызметкерлері, бірнешеуі полковник, майор шеніндегі азаматтар. Сайрам және Мақтаарал аудандық бөлімінен де ұсталғандар бар.

Негізінен әкімшілік полицияның тіркеу-емтихан бөліміндегі орын алатын жайлар ешкімге де таңсық болмаса керек. Онда заң бұзушылықтардың жиі болып тұратынын көзбен көріп, айтып жүргендер көп. Ал Қаржы полициясы біраз уақыттан бері тиісті дәлелдемелерді жинап, ондайларды құрықтауға енді шындап кіріскен сыңайлы.

Астанадан арнайы келген топтың әкімшілік полицияда жүргізген операциясы кезінде күдіктілердің бірі өз кабинетіне кіріп, оны іштен бекітіп алыпты. Осыған орай ғимаратқа есікті бұзатын топ шақыртылыпты, бірақ олар келемін дегенше ол азамат айғақтық зат болатын құжаттар мен ақшаларды өртеп жіберген көрінеді.

Бүгінде бұл іске қатысты күдіктілердің жалпы саны 15 адамды құрап отыр екен.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ