Жаңғақ егетін ата

20.11.2017
Қаралды: 516

Бүгінде сауда нүктелерінде жаңғақтың саудасы да жақсы жүріп жатыр. Биыл ол былтырғыдан қымбатырақ, өткен жылы осы уақытта килосы 450 – 500 теңгеден еді, қазіргі күндері 600 – 800 теңгенің аралығында сатылуда. Мұның сыры оған деген сұраныстың артып тұрғанынан болса керек.

Қыста жаңғақтың килосының құны 1500 теңгеге дейін баратыны белгілі. Биылғы жыл басында, яғни өткен қыста солай болған, 1200 – 1500 теңге аралығында сатылған.

Осы орайда Оңтүстік өңіріндегі Төлеби ауданын жаңғақтың отаны десек те болады. Өйт­кені жаңғақ бұл аудандағы елді мекендердің бәрінде дерлік өседі. Біз осындай жаңғаққа бай азаматтардың бірі – аталған аудандағы Қасқасу ауылында тұратын Қасым Нарымбетовпен әңгімелескен едік.

«Өз бауымда 20 түп жаңғақ ағашы бар. Дегенмен жылда бәрі бірдей жемісті сала бермейді, кезектесіп салады. Бір ағаштан екі қаптай жаңғақ алуға болады. Осы әкелгенімде Шымкентке 100 килодайын жеткізіп тұрмыз. Жалпы, жылына шамамен 1 тоннадай жаңғақ жинаймыз.

Жаңғақ қазан айының 10-дарынан толық пісе бастайды, қазір ол қазан болды. Яғни жұрт жаңғақты толық жинап бітті деген сөз.

Қазір жаңғақты үйден барып көтере бағасына алып кетіп жатқандар көп. Килосын 450 – 500 теңгеден алуда. Еліміздің басқа облыстарына әкетіп жатқандар бар. Ал өзіміз базарда жаңғақтың килосын 600 – 650 теңгеден сатып жатырмыз», – деді ол кісі біздің қойған сұрақтарымызға орай.

Қасекеңнен жаңғақ жемісінің қасиеттері жөнінде сұрадық. Ол кісі бұл жемістің денсаулыққа пайдасы өте көп екенін айтты.

«Мұның ішіндегі пердесін тастамай, ажыратып алып жиып қойса болады, – дейді ол кісі. – Оны жылы суға салып, жібітіп, тұндырса, йоды шығады. Соны «зобы» барлар күнделікті белгілі бір мөлшерде ішіп тұрса, шипасы тиеді.

Өзіміз жаңғақ шаққанда оның ішіндегі пердесін жинап қоямыз. Араққа немесе спиртке салып қойса, одан жөтелді басатын жақсы дәрмек шығады. Балалар жөтеліп, мазасызданғанда соны берсек, жөтелді сап тыяды. Жаңғақтың бұдан басқа да пайдалы жақтары көп».

Қасым қария базарда күніне кемінде екі қап жаңғақ сатуға болатынын айтады. «Саудасы келсе, 10 – 15 қабын сатуға да болады», – дейді ол кісі.

Тағы бір білгеніміз, жаңғақты сақтау да оңай шаруа емес екен. Оны дер кезінде жинап алу керек. Сыртындағы қабығынан толық тазартқан дұрыс. Әйтпесе қабықтың ылғал сіңіретін қасиеті бар, ол жаңғақ дәніндегі ылғалды сорып алады, сосын жаңғақ дәні құрғап, семіп қалады.

Көп жағдайда биылғы жиған өнім бір қыстан әріге қалмайды. Яғни сұранысқа ие болғандықтан ол тез сатылып кетеді.

Ал енді оны бірер жылға сақтағыңыз келсе, онда арнайы дәрілеуіңіз керек болады. Себебі дәрілемей сақтасаңыз, оған құрт түседі. Құрт түскен жаңғақта маңыз қалмайды, наурыз айына дейін-ақ дәні ұн сияқты уатылып кетеді. Ал құрт түсуінен сақтай алсаңыз, ол өздігінен құрғап кетпейді, нәрін бойында сақтайды.

Жаңғақ ағашы ұзақ жасайды екен. Қартайғанша жеміс береді. Дегенмен жасы ұлғайған сайын жемісі азая түседі.

«Ауылдағы қара шаңырақта кезінде әкем еккен жаңғақ ағаштары әлі де бар, – дейді Қасекең. – Олар да жеміс беріп тұр. Жалпы, біз жақтағы ауылдарда жылдар бойы жеміс беріп тұрған жаңғақ ағаштары көп. Әр үйде кемінде оншақты жаңғақ ағашы бар десем, мұным өтірік болмайтын шығар».

...Жалпы, жеміс ағаштары бүгінде талай отбасының нәпақасын тауып беріп отырғаны белгілі. Мысалы, осы Қасекеңнің өзінің үйіргелік жерінде жаңғақ ағаштарынан бөлек, әрқайсысы 10 түптен алма және шие ағаштары, 6 түп алмұрт ағашы бар екен. Ал олардан алынған өнім бір отбасыға ғана емес, ондаған, тіпті жүздеген адамдарға да азық болып жатқаны мәлім.

Ендеше осындай ырыс-берекеміз молая бергей дейміз.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ