Көпбалалы бірнеше отбасыға тегін үй салып берді

13.11.2017
Қаралды: 737

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облыстық өкілдігі мен облыстық «Зекет» қоры бірлесіп облыс деңгейінде «Асар» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. 

Осы шара барысында облысымыздың Ордабасы ауданындағы Шұбарсу елді мекенінде тұратын жағдайы төмен, тұрмыс тауқыметін тарт­қан көпбалалы 4 отбасыға тегін үйлер салынып берілді.

Осы оқиғаға қатысты ұйымдастырыл­ған салтанатты іс-шараға Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы арнайы келіп қатысып,  баспанаға аса мұқтаж аналарға үйдің кілтін табыс етті. Бұл үйлерге 7 баланың анасы Зәбира Оралованың, әрқайсысы 5 балалы Әйгерім Асанова мен Айнұр Төлегенованың және екі баласы бар Насихат Батырованың отбасылары ие болды.

«Жалпы, Діни басқарма тарапынан жыл сайын жағдайы төмен, өмір тауқыметін көрген, көпбалалы отбасыларға үй салып беруді қолға алудамыз. Биылғы жылы Оңтүстікте осындай 8 үй салынды. Бұл шараларды жергілікті қолы ашық, жомарт жандарды тарту арқылы жүзеге асырудамыз. Мұндай шаралар жыл сайын жалғасын табатын болады», – деді осы салтанатты жиын кезінде Бас мүфти.

Ержан қажы Малғажыұлы асыл дініміздің жан-жақты дамуына, еліміздің әлеуетін көтеруге үлес қосып жүрген барша азаматтарға өз ризашылығын білдіріп, жұмыстарына береке, табыс тіледі. Атал­ған қайырымдылық іс-шара барысында 4 отбасыға азық-түлік, үй жиһаздары мен өзге де тұрмыстық қажетті заттарын табыс етті.

Жалпы, бұл отбасыларға бөлінген жер телімі – 8 соттық, салынған үй аумағы 120 шаршы метр. Ауыз сумен қамтамасыз етуге 280 мың теңгеге әр үйге қосымша жерасты құдық суы тартылды. Сонымен қатар 273 мың теңгеге 15 бағана орнатылып, 1 шақырым жерден электр жарығы тартылды. Салынған әр үйге 7 миллион теңге көлемінде қаражат жұмсалды.

Біз жаңа үйге қоныстанған отбасылар­ға қоныстарыңыз құтты болсын деген тілек білдіреміз.

ҚМДБ Оңтүстік Қазақстан облысы

бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі.

 

Пікір қалдыру

1000 символ