Мүгедектікке шығару үшін 40 мың теңге пара алыпты

11.07.2016
Қаралды: 1839

Осыдан бірнеше ай бұрын Оңтүстік Қазақстан облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысына пара алды деген айып тағылғаны жұрттың есінде. 

Ал аталмыш мекемеде мұндай қылмыспен қолға түскендер бір адаммен шектелмеген тәрізді. Жуырда сол мекемеге қарасты Еңбекші аудандық медициналық әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы Оралбай Садықовты да сот кінәлі деп тапты. Бұл жөнінде Шымкенттің әл-Фараби ауданы прокуратурасының прокуроры Бақытжан Ағаділов былай дейді:

«Оралбай Садықов лауазымды адам бола тұра 6-сәуір күні Мұхтар есімді азаматты 3-топтағы мүгедектікке шығару үшін кеңесуге келген Гүлмира есімді азаматшадан 40 мың теңге пара талап еткен. Арада екі күн өткенде оны өзі қызмет атқаратын мекемеде пара алу үстінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроның ОҚО бойынша департаментінің қызметкерлері ұстаған. Сотта сотталушы өз кінәсін толығымен мойындады. О.Садықов танысының төрт саусағын кесіп алғанын айтып келген адамға Мұхтарды мүгедектікке шығару 40 мың теңге болатынын айтқанын, сол ақшаны алғанына өкінетінін айтып, денсаулығы нашар болғандықтан өзіне айыппұл түрінде жаза тағайындауды сұрады.

Судья Оралбай Садықовты Қылмыстық Кодекстің 366-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп таныды. Оның жеке мүлкін тәркілей отырып, мемлекеттік мекемелерде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырды. Сонымен бірге параның 50 еселенген сомасы мөлшерінде – 2 миллион теңге айыппұл тағайындады».

Осылайша қызмет бабын пайдаланып, оңай олжаға кенелмекші болған азамат 40 мың теңге пара аламын деп 2 миллион теңге айыппұл төлеп әзер құтылған сыңайлы. Демек, ел аузындағы аталмыш мекеме қызметкерлері ақша берсең адамдарды өтірік мүгедектікке шығарады деген сөз шындыққа айнала бастаған секілді. Егер ол өтірік болса, неге онда басшылары бірінен кейін бірі кезекпен ұсталып жатыр?

Қ. БАСТАУ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ