«Бал-Текстиль» жұртты кілемге қарық қылды

17.10.2017
Қаралды: 1350

5-қазаннан бері Шымкентте «Бал-Текстиль» компаниясының «Ұлы дала кілемдері» атты көрмесі өтуде. Ол қаладағы Көрме орталығында ұйымдастырылған болатын. 

Алғашында екі күнге жоспарланған шара жұртшылықтың сұрауымен тағы да бірнеше күнге созылды. Қысқасы, қала жұртшылығы кілемге қарық болып қалды.

Осы күндері біз «Бал-Текстиль» ЖШС атқарушы директоры Жомарт Керімшеевпен әңгімелестік.

«Біз 2016-жылы Шымкентте  тұңғыш кілем жәрмеңкесін ұйымдастырған едік. Биылғы шілдеде Алматыда 3 күн болып, осындай іс-шара өткіздік. Тауарларымызға жұрттың ықыласы жақсы болғасын енді Шымкентте тағы да ұйымдастырып отырмыз. Бұл жолғы ерекшелік – біз өз өнімдерімізді ғана емес, Түркия, Иран, Ресей, Өзбекстан, Бельгия, Молдова сияқты елдердің де тауарларын қостық. Яғни тұтынушыларға кілем таңдауда барынша жағдай жасауға тырыстық. Біздің кілемдеріміз өзіндік құнынан 20 пайызға дейін жеңілдікпен сатылды. Яғни өнімдерімізге жарнама жасадық, жұрттың оны өзге елдердің кілемдерімен салыстырып көруіне жағдай тудырдық. Мұндай іс-шараларды алдағы уақыттарда да жасайтын ойымыз бар», – дейді Жомарт Сұлтанбайұлы.

Жалпы, «Бал-Тестильдің» кілем шығара бастағанына көп бола қойған жоқ, бұл істі ол 2013-жылдан жолға қойып еді. Содан бергі уақытта компания елімізге ғана емес, шет мемлекеттерге де танылып үлгерді. 2014-жылы өткізілген республикалық арнайы көрмеде «Халыққа арналған ең озық үлгідегі тауар» аталымы бойынша үздік деп танылған болатын. Бүгінде оның өнімдерін Қазақстанның барлық аумақтарындағы сауда өкілдері арқылы тапсырыс беріп сатып алуға болады.

Сондай-ақ «Бал-Текстиль» өнімдері Қырғызстанға, Тәжікстанға, Әзірбайжанға, Ресейге, тіпті Германия мен Англияға да шығарылады. Компанияның жоспарында Қытай нарығына шығу да бар. Яғни оның тоқыма бұйымдарына шетелдік тұтынушылардан да сұраныс жақсы.

«Бал-Тестиль» компаниясының тоқыма бұйымдарының бағасы аса қымбат емес. Өйткені ол шикізатты басқа жақтан алмайды, кілем тоқуға қажетті синтетикалық жіпті иіретін өзінің арнайы цехы бар. Бұл цехта Франция мен Германиядан әкелінген жіп иіретін заманауи құрылғылар  орнатыл­ған.

«Бал-Текстиль» бүгінде жылына аумағы 5 миллион шаршы метрді құрайтын кілем және басқа да тоқыма бұйымдарын шығарады. Бұл өнеркәсіп орнынан «Алатау», «Тұран», «Антик Империал», «Karavan», «Orda», «Vіzon», «Fіesta», «Lіder», «Kіds», «Balapan» сияқты маркамен шығарылатын кілемдерді бүгінде жұрт аса сапалы деп мақтап жүр.

Қысқасы, «Бал-Текстиль» компаниясы бүгінде облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның оң имиджі қалыптасуына өзіндік үлесін қосып отыр. Қазіргі кезде онда 300-ге жуық адам жұмыспен қамтылған.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!