Кресло-қапшық тігуді жолға қойған

13.11.2017
Қаралды: 554

Бүгінде ел ішінде өзінің жеке бизнесін бастап, жол­ға қойып жатқандар көп. Шымкенттік Әсел Натбаева да – осындай жандардың бірі. Ол бүгінде өзінің жеке шағын цехынан жұрт тұтынатын бірнеше тауар түрлерін шығаруда. Біз кешегі аптада Ә.Натбаевамен сұхбаттас­тық.

Әсел Алматыда жоғары оқу орнын бітірген, мамандығы бойынша инженер-байланысшы екен. Өзі үш баланың анасы, қазір бала күтіміне байланысты декреттік де­ма­лыс­та отыр. Бірақ қарап отыр­май, жұмысына шыққанша жеке бизнеспен айналысуға тәуекел етіпті. Содан Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкер­лер палатасына барып, арнайы курстан өткен, бизнес жүргізуді, қаржылай есеп жасауды үйренген. Қазір де қажет кезінде ол жерден тиісті кеңестер алып тұрады екен.

«Біз істі балаларға арнал­ған кресло-қапшықтар жасаудан бастадық, – дейді Әсел. – Алдымен тігін машинасын, қажетті терілер сатып алдым, пенопласт шариктер жасайтын жермен байланыс орнаттым. Тұрақты жұмысқа бір тігінші алдым, қазір оған заңды түрде жалақы төлеп тұрамын. Тапсырыс көбейіп бара жатса, жұмысқа екінші тігіншіні шақырамыз.

Шағын цехты өзіміз тұратын үйдің бірінші қабатынан аштық. Онда қазір жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар жет­к­і­лікті.

Жұмысты бастағасын ол туралы әлеуметтік желілерде жарнама жасадық. Жұртшылық сондағы телефон арқылы хабарласып, көрсетілген мекен-жай бойынша келіп те тапсырыс беріп жатады».

Әсел жұмысын биылғы көктемде бастаған екен. Бүгін­де оның цехы жұртшылыққа танымал болып қалған. Олар жасайтын кресло-қапшықтардың өлшемдері әрқалай, балаларға ғана емес, үлкендерге арнал­ғандары да бар.

«Кресло-қапшықтың ішіне әртүрлі көлемдегі пенопласт шариктер салынады. Ол отырғанға жайлы, отырған кезде адамның ыңғайына қарай икемделіп тұрады. Ол поролонға ұқсап тапталып қалмайды, адам орнынан тұрғаннан кейін өзінің бұрынғы қалпына келеді. Балаларға арналғандарын доп сияқты етіп, мульт­фильм кейіпкерлері сияқты етіп, тағы басқа, әртүрлі формада жасаймыз. Сондай-ақ осындай материалдан балалар бөлмесіне арналған матрас та шығарудамыз. Материалдар сапалы, оның экология­лық тазалығына, адам денсау­лығына әсеріне мән бере­міз.

Мұндай кресло-қапшықтардың үлкендерге арналғанын кеңсесіне алып жатқандар да бар. Яғни жайлы креслоны демалыс бөлмесіне қойып, бір ауық тынығуға, ұйықтап алуға да болады. Ол адамды босаңсытып, жақсы тынықтырады.

Қазіргі кездері бізге «ДЦП»-мен ауыратын балаларға осындай кресло жасатып алатындар да бар. Бүгінде жүкті әйелдерге арналған жастық тігуді де қолға алдық. Жастықтың іші халифайдер деген материалмен толтырылады. Мұн­дай жастық жүкті әйелге өте жайлы, өзінің формасын қа­лыпты ұстайды. Сол сияқты, әйелдерге арналған, ішіне көп зат сиятын жеңіл сөмкелер шығаруды да қолға алдық.

Жалпы, біздің шығарып жатқан тауарларымыз Батыс елдерінде бұрыннан бар. Ол жақтарда тіпті арнайы тре­нинг­ке, сеанстарға өзінің осындай креслосын ала баратындар болады.

Ал бізде қазір мұндай заттарды Алматыда жасайды. Шымкентке ол енді келіп жатыр», – дейді Әсел.

Қысқасы, шымкенттік жас ана Әсел Натбаева осындай өзгеше бизнес түрін қолға алыпты. Бүгінде тауарды тапсырыс берушінің үйіне жеткізіп беру жағын да ұйымдастырып қойған.

Әсел өзінің бұл кәсібін отбасының жиған-терген аздаған ақшасымен бастапты. «Қалауын тапса, қар жанар» деген осы да. Біз оған алдағы істе­рінде де сәттілік тілейміз.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ