Досхан қалай қателесті?

14.11.2017
Қаралды: 1120

Досхан Жолжақсыновты бүгінде қай қазақ білмейді? Негізі, мықты актер ғой ол. Кейінгі кезде Досекең жақсы режиссер ретінде де мо­йындалып жүр.

Ал енді осы азамат тәп-тәуір әнші де екен. «Жігітке жетпіс өнер де аз» деген осы шығар!

Таяуда Досханның орындауындағы, оның жұбайы Қаракөзге арнаған әні табан астында «хитке» айналып жүре берді. «Найзағай болып» деген атауға ие болған ол ән бүгінде кеңінен таралуда.

Сөз жоқ, Досхан әнді әдемі орындаған. Жүрекпен айта білген. Сондықтан да ол жүректерге жетіп жатқандай.

Бірақ, осы орайда бір «Әттеген-ай!» болды. Досхан бұл әнді Төреғали Төреәліұлының әні деп хабарлады. Бүкіл елге осылай тарап кетті.

Аталмыш әнді Төреғалидың орындап жүргені рас. Бұл әнді Төреғали да біршама танымал еткенін жоққа шығаруға болмайды.

Алайда ән авторы Төреғали емес. Әннің авторы – Үкітай Ерниязов деген жігіт. Ол өзі әрі әнші, әрі сазгер азамат. Бүгінде Астанада тұрады.

Әннің бастапқы атауы «Найзағай көңіл» деп аталған. Оның алғаш­қы мәтіні де басқа болған. Ол әнді Үкітайдың өзі үлкен концерттерде де орындаған. Ол концерттің бейнежазбалары «Ютуб» желісінде тұр.

Бұл ән кейіннен Төреғалидың ән-қоржынына өтіпті. Алайда әнге басқа мәтін жазылған. «Найзағай болып» деп аталатын қазіргі мәтіннің авторы Аян Сейітов деген жігіт.

Міне, барды – бар, жоқты – жоқ деп айтар болсақ, әңгіменің тоқетері осындай. Яғни бұл ән Төреғалидың өз әні емес, Төреғалидың орындауындағы ән!

Дәл осы орайда Досхан Жолжақсынов қателесіп кетті. Мұндай мәселеде әсіресе сауатты, өмірлік тәжірибесі мол адамдар қателеспегені дұрыс қой.

Бір бұл емес, шындығын айтқанда, соңғы кездері қай әншіні алсаң да өзі орындап тұрған әннің авторын атамайтын «ауруға» ұшырап барады. Баяғы кезде бұған ерекше мән берілетін. Радиодан болсын, теледидардан болсын, сахнадан болсын, ән айтқан кезде ең бірінші сол әннің авторлары хабарланатын. Орындаушының аты-жөні содан кейін барып айтылатын. Ол бір жазылмаған заң сияқты еді, қатаң қағида болып саналатын.

Ал соңғы кездері бұл үрдіс бұзылды. Әншілер өзгелердің туындысын өз атына жапсыра салатын болды. Бір жаңа әнді орындап шықса, «Пәленше әншінің жаңа әні!» деп жар салып, жарнамалайтын болды. Авторды ауызға алулары қиын болып барады. Тіпті бейнебаян түсірген кезде де әншілер өз аттарын айқайлатып жаздырып қояды да авторларды «ұмытып» кеткенсіп отыра береді. Ал кей-кейде автордың аты-жөнін көрсетер болса, онда да тышқанның ізіндей майда әріптермен жаздырады. Оны дұрыстап оқи да алмайсың.

Мұның бәрі, әділіне келгенде, авторлық құқықты бұзу болып табылады. Яғни бұл – туындының авторын сыйламау, оны көрер-көзге шеттету деген сөз. Әдетте бұл әнші мәдениетінің деңгейін де көрсететін жағдай.

Шығармашылық туынды –  ол автордың жүрегінен жарып шыққан дүниесі. Оны автордың төл перзенті десе де болады. Ал туындының өзін пайдаланып, оның авторын айтпай қоя салу қиянаттың бір түріне жатады. Сондықтан автордың аты-жөні барлық кезде де аталып отыруға міндетті. Үлкен сахнада ғана емес, той дастарханы үстінде де айтылатын әннің авторы атап көрсетілсе, оның еш айыбы жоқ. Қайта ол әншінің көргенді жан екендігін көрсетеді.

Біз мұның бәрін сөзден сөз туған соң айтып отырмыз. Әсіресе Досхан сияқты аузына ел қараған абыройлы азаматтардың болмайтын жерден сүрінбегенін қалаймыз. Бұл жай басқа да өнер тарландары үшін сабақ болса екен дейміз.

Қысқасы, өмірдің қай саласында болса да әр нәрсе өз атымен аталса, ешкімге де орынсыз қиянат жасалмаса, барлық жерде де туралық болып тұрса, халыққа керегі де осы емес пе? Сондықтан мүмкін болса тегіс жерде сүрінбесек екен...

А. КЕЛЕСБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!