Дабыра мен даңғаза

23.10.2017
Қаралды: 1156

Жас баланың тірлігіне ұқсайтын бұл жағдайға облыс әкімі қандай баға береді?

Шымкент шенеуніктерінің жұмысқа автобуспен қатынауы кешегі аптада ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің басты жаңалығына айналды. Жылы өңірдің жас әкімі өзінен бастап орынбасарлары мен бүкіл мемлекеттік мекеме басшыларының қызметтік көлігін бір айға автобусқа «айырбастау» арқылы осы сала жұмысын тікелей бақылауға алмақ екен. 

«Бір ай бойы қызметтік көліксіз, автобуспен жүретін боламыз. Әкімдіктегі бүкіл басшылық құрам осылайша қоғамдық көліктердің жүрісін, мәдениетін қадағалауы тиіс», – деді әкім. Сейсенбіде айтылған сөз «суып» үлгермей-ақ қызмет көліктерінің нөмірлері алынып, темір тұлпарлар тұраққа тоғытылды. Артынша желілерде шенеуніктердің автобустағы селфи-суреттері қаптап кетті. (Көпшілік ортасында көздері бақыра­йып түскен түрлерін көргенде күлкің келеді). Тура шолақ белсенділердің шаш ал десе бас алатын науқаны дерсің.

Негізі Шымкетте қоғамдық көліктердің қызметі сын көтермейтіні рас.  Жолаушыларды аузы-мұрнына шығардай сықита толтырып алып, бәйгеге шапқандай тар жолда жарыса жөнелетінін күнде көріп жүрміз. Кондукторлардың автобус аялдамаға жақындай бастағаннан жүріп кеткенше бара жатқан бағытын бар дау­сымен тоқтаусыз айқайлап айтатыны да ақиқат. Ашығын айтқанда, Шымкент аялдамаларындағы автобустардан шығатын осындай шу базардағы айқайдан да асып кетеді. Ал қазіргідей күн қысқар­ған шақта кешке қарай жұмыстан үйге жетуің қиын. Өйткені шет аудандарға қатынайтын көлік кешкі сағат сегізге жетпей тоқтап қалады.

Десек те қоғамдық көліктердің қызметі мен мәдениетін алдын-ала жар салып, бір айлық науқан жариялау ар­қылы жақсартамыз деу көңілге қонатын тірлік емес. Бұлай деуімізге бірнеше себеп бар.

Біріншіден, бұл салаға жауапты жандар бар. Яғни мәселені шешу Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тапсырылуы тиіс. Бірақ әкім бұл жұмысты бүкіл бас­қарма басшыларына жүктеп жіберді. Сонда Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев не тындырып жүр? Әлде қызметін дұрыс атқара алмай ма? Олай болса Ғ.Әб­ді­рахымов неге оның орнына іскер адамды отырғызбайды?

Кешегі күнге дейін мемлекеттік қызметте мәселе осылай шешілетін: сала басшылары өз ісіне басымен жауап беруі тиіс. Қолыңнан келмей ме, орныңды босат. Десек те Шымкентте мәселені шешудің басқа жолы – шенеуніктерше асарлату тәсілі пайда болды. Сөйтіп шенділердің автобуста селфилетіп, оны желілерде жарыса жариялауының куәсі болдық. Аппарат басшысы бастады, бөлім басшылары қостады, ал әкім автобусқа ысқырып жүріп жетіп алды. Біз осылай Шымкентте ысқырсаң такси тұрмақ, автобустың да тоқтайтынын түсіндік.

Екіншіден, әкім қоғамдық көліктегі мәдениеттің шынайы бейнесін көргісі келсе, оны алдын-ала жар салып жария­ламай, үнсіз ғана атқарғаны дұрыс еді. Тым болмағанда алматылық миллионер Қайрат Құдайберген сияқты еш жарнамасыз-ақ аптасына бір рет автобуспен жүрсін. Қоғамдық көлік ішіндегі және көшедегі кептелісті, жүргізуші мен кондуктордың ғана емес, жолаушының да мәдениетін сонда көзімен көріп, өзі де сезінер еді. Кейбір автобустардың кеш бата жүрмейтініне куә болудың да мүмкіндігі осы.

Десек те Шымкент әкімінің жаңа бастамасының нәтижесінен бұрын жарнамасы жақсы кетті. Лезде құлақтанған жүргізушілердің жолда жарыспай, кешкі тоғызға дейін жүре қалғанына куә болдық. Біз сияқты олар да «науқанның» бір айға ғана жарияланғанын біледі. Әкім  Ғ. Әбдірахымовтың жұмысқа велосипедпен қатынайтыны сияқты, одан кейін баяғы «таз кепеш» күйімізге қайта оралмасымызға кім кепіл? Сонда бұл көзбояушылық емей немене?

Үшіншіден, шынтуайтына келгенде, шенеуніктерге қызметтік көлік жұмысқа бару мен қайту үшін берілмейді. Қыз­меттік көліктің де жауапкершілігі бар. Мәселен, Шымкентте қаланың басқа бір шетінде төтенше жағдай орын алды делік. Оған тез арада қала әкімінің өзі не бөлім басшылары араласуы тиіс. Ал ол екі автобус ауыстырып баратын қашық жер болса ше? Әкім көмекшісімен бірге аялдамада автобус күтіп, одан келесісіне ауысып, арада бір сағат уақыт жоғалтады. Қайтуға және бір сағат. Сонда шенеунік бір күндік жұмыс уақытының екі сағатын жолға «жұмсайды». Көпшілікті осылай анда да, мында да сағаттап күттіру қисынға келе ме?

Ірі мегаполисқа айналып келе жат­қан Шымкентте қаланың бір шетінен екінші шетіне жету де оңай емес. Әкім осы мәселені неге ескермеген?

Төртіншіден, бір айға демалысқа кеткен жүргізушілер жайы. Естуімізше, олар­ға жалақысының жартысы төленеді деседі. Осы тұрғыда жұмыс істемеген адамға қалайша жалақы төленеді деген сауал туындайды. Бұл мәселені әкім қай заң талаптарына сай шешті екен? Бір жағынан, жүргізушілердің отбасы да жалпақ жұрт секілді сол жалақыны әр тиынына дейін есептеп жаратып отырған болар? Сонда олардың отбасындағы қаржылық қиындық мәселесін кім шешпек? Бірақ әкім «жариялаған» науқанда бұл мәселе айтылмайды. Оның орнына жанармайдан үнемделген қаржыны мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы ретінде үлестіру жайлы естідік.

...Біз тырнақ астынан кір іздеп отырған жоқпыз. Шымкент әкімі қоғамдық көліктерге қатысты қолайсыздықты шеш­кісі келсе, оның басқа да оңтайлы жолдары жетерлік. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарын шенеу­ніктердің тапсырманы тиянақты орындайтынын дәлелдейтін селфиіне емес, сауалнама жолдау ретінде қолдану тиімді емес пе еді? Желілерге сауалнама жарияланса, жол азабын тартқан жолаушылар көліктердің бағыты мен жиілігі ғана емес, жолдың жағдайын да жіпке тізіп айтып берер еді. Қазір желі арқылы да жедел және шынайы ақпарат алудың мүмкіндігі мол. Бірақ             Ғ.Әбдірахымов оны дабыра жарнама мен дүдәмал даңғазаға айналдырып жіберген сияқты. Сіз қалай ойлайсыз, Ж.Түймебаев мырза?

Д. ӨМІРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!