Кеңестік кезеңнің көзіндей...

01.11.2017
Қаралды: 1224

Кешегі сәрсенбі, 25-қазанда Ұлы Октябрь социалистік революциясына 100 жыл толды. (Бұл – ескі күнтізбе бойынша. 1917-жылғы Ұлы Қазан төңкерісіне дейін Ресей империясы Юлий күнтізбесін қолданған, оның қазіргі Григорий күнтізбесінен 14 күн айырмашылығы бар. 

Жаңа күнтізбе енгізілгеннен кейін бұл күн 7-қарашаға шегерілді. Революция мерекесі осы 7-қарашада тойланғанымен ол тарихқа «Ұлы Октябрь социалистік революциясы күні» деген атаумен енгені белгілі).

Базар мұражайға ­ұқсайды

«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» демекші, бұрынғы Ресей империясының аумағында құрылған Кеңес Одағының өзі «қазан» бол­ғанына да алдағы желтоқсанда 26 жыл толмақ.

Құрамында Қазақстанмен бірге 15 одақтас республика болған Кеңес Одағы өзінің 70 жылдық тарихында небір кезеңдерді бастан өткерді.

Тарихтан ойып орын ал­ған бұл дәуірде біздің ата-әже, әке-шешелеріміз, аға-әпке­леріміз өмір сүрді, жарқын болашаққа сеніп еңбек етті. Олардың көрген-білгендері кітаптарда, киноларда, есте­ліктерде, ұрпақ санасында қалды. Ол кезеңнің тілсіз куәлері бүгінде түрлі жәді­герлер болып мұражайларда да тұр.

Ал дәл осындай жәдігер­лердің біразын бүгінде Шымкенттегі «Жабық базар» деп аталатын сауда орнынан да көптеп кезіктіруге болады. Аралап көрген адамға ол бейне бір ескі жәдігерлер жинал­ған мұражай сияқты әсер береді.

Еңбек озаттарына берілетін Қызыл Ту

Біз кешегі аптада осы «Жабық базарды» аралап көрген едік. Оның ішкі жағындағы бір сауда орнында Владимир деген азамат тұрады екен. Алдына кеңестік ке­зеңдегі заттарды жайып қо­йыпты.

Назарымыз бірінші кезекте Владимирдің арқа жағына айқара керіп іліп қойған ауыспалы Қызыл Туға және вымпелге түскен болатын. Кеңес­тік кезеңнің сыны кетіп, жұпыныланған бұл жәдігерлерінде «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!», «Біз ком­мунистік еңбектің жеңісіне бет алып келеміз», «Социалистік жарыстағы жоғары көрсет­кіштері үшін» деген жазулар тұр.

Владимирден мұны қаншаға сатпақ ойы бар екенін сұрадық. Өтіп кетеріне сенім­сіздеу болса керек, ол оны «пәлен теңге» деп кесіп айта алмады. «Алатын адам табылса, бағасын келісуге болады ғой», – деді жәдігер иесі.

Лениннің бюсті 10 мың теңге тұрады

Біз бұл жерден Лениннің, Сталиннің, Дзержинскийдің  үстелге қойылатын бюсттерін де көрдік. Олар жасалған материалына қарай 5 мың мен 50 мың теңге аралығында бағаланады екен. Гипстен, дюр­алюминийден, латуньнен, қоладан жасалғандары бар.

Лениннің дюралюминийден жасалған бюсті бұл жерде 10 мың теңге тұрады. Онда қоладан құйылған Сталиннің бюсті де бар екен, бағасы – 40 мың теңге. «Чекистердің» атасы – Дзержинскийдің бюсті 15 мың теңге тұрады.

Сталиннің қоладан жасал­ған тағы бір қомақтылау бюстін біз кейін басқа бір сатушының жаймасынан көрдік. Ол оны 70 мың теңгеге бағалап тұрды.

Базарда 50 – 100, 200 – 500 теңгеден түрлі кітаптар да сатылады.  Бір жайма қатардан осындай бағаға  Ленин­нің, Маркстің, Троцкий­дің кітаптарын көрдік.

Құны жоғары тиындар

Бұл жердегі бірер сауда қатарларында кеңестік кезеңнің ақшалары да тұр. Сом (рубль) ақшалар мен тиындарды коллекция үшін алатындар болады екен. Олардың бағалары 20 теңгеден 100 – 200 теңгеге дейін барады.

Осы ақшалар 1990-жылдары «сабанға» айналмай тұрғанда тіпті де берекелі болатын.

Кейін  инфляция болып, экономикалық байланыстар үзіліп, ақшаның құны кетті. Төл теңгеміз айналымға енбей тұрған кезде, 1993-жылы 10 мың рубльге 1 кило ашытылған капуста алғанымыз да есте.

Ал оған дейін кеңестік ақшаның құны расында да жоғары болған еді. Сол ақшалар бүгінде көненің көзіндей болып «Жабық базардың» кей жаймаларынан орын алып тұр екен.

Әкелер мен аналар таққан орден-медаль

Базардағы жаймалардың бірінен кеңестік кезеңде ең­бекте, майданда көзге түскен азаматтарға берілген орден-медальдарды да көрдік. (Ордендер тек көшірмелері ғана екен).

Бұл жерде «Жеңіс» ор­денінің көшірмесі 35 мың теңгеден тұр. «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденінікі 15 мың теңгеге бағаланған. Сол сияқты «Кутузов», «Нахимов» ордендерінің көшірмелерін 10 – 15 мың теңгеден алуға болады екен.

Ұлы Жеңістің 20 жылдығына арнап шығарылған медальды иесі 3 мың теңгеге сатамын деді. Кезінде өзіміз комсомол болып, өңірге таққан төсбелгінің құны бұл жерде 2 мың теңге деп бағаланыпты.

Көпбалалы аналарды марапаттауға арнап шығарыл­ған орден-медальдарды көрдік. «Медаль материнства», «Материнская слава» және «Мать-героиня» деп жазылған олардың бірнеше дәрежеге бөлі­нетіні белгілі. 5 бала тапқан­ға берілетіні 1-дәрежелі медаль деп аталатын, 6 бала туғанға оның 2-дәрежелісі берілетін. 7 – 9 бала тап­қан­дар өңіріне «Ана даңқы» орденін тағынушы еді. Ал 10 және одан да көп баланың анасына берілетіні «Батыр Ана» ордені болатын.

Сатып аламын деушілер бұл орден-медальдарды құрамындағы металдың құндылығына қарай 2 мың, 5 мың, 10 мың және 70 мың теңгеге иелене алады екен.

«Совет шампанын» 6 мың теңгеге сатпақ

«Жабық базардың» ішінен кезінде «менмін» деген адамдардың үйінде тұрған ыдыс-аяқтарды да көптеп кезіктіруге болады. Мысалы, мұндағы осындай ыдыстар сататын бір жаймада «Общепит» деген жазуы бар тәрелкелер, «Дулево», «Катюша» деген фирма атауымен шыққан шұңғыл тәрелкелер тұр, бір «комплек­тісінің» бағасы 200 – 1000 теңге аралығында. Кофеге арнал­ған жиынтық ыдыс­қа 3000 теңге «сұрайды».

Кезінде жұрт «100 грамдат­қан» қырлы стакан 100 теңге тұрады. Сыра ішуге арнап шығарылған ағаш саптыаяқтың бағасы – 1500 теңге.

Осында бір шағын дүкен бар екен. Іші толы ескіліктің заттары. Сол жерден 40 мың теңгеге қырым етік, 2 мың теңгеге пима көрдік. Осында 1964-жылы шыққан «Совет­ское шампанское» тұр, бағасы – 6 мың теңге.

...Қысқасы, Шымкенттің «Жабық базарын» аралаған біз одан тарих қойнауына кеткен жылдардың көзіндей көптеген жәдігерлерді көрдік, өткен кезеңдердің лебін сезінгендей болдық.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!