Ағаштан түйін түйген

18.10.2017
Қаралды: 269

Қашан көрсең де кү­лім­деп, көңілді жүретін Амангелді Елепбергенов көкемізді таяуда аудандық Мәдениет сарайы жанынан жолықтырдық. 

Әдеттегідей жайдары жүзбен жылы амандасты. Ол кісінің көңілді болатындай жағдайы бар екен. Осы жақында ғана облыста өткен қолөнершілер байқауында 3-ші орын алып, арнайы дипломмен марапатталыпты. Ол кісі өткен тамыз айында аудан әкімі Н.Тұрашбековтің ұйымдастыруымен аудан ардагерлерімен бірге Астанада болып, халықаралық «ЭКСПО» көрмесіне қатысқан болатын. Міне, осы қуанышты екі жағдай Амангелді көкеміздің көңілін көкке көтеріп жүр екен.

– Әсіресе Астанадағы «ЭКСПО» көрмесін тамашалау бір бақыт болды ғой, – дейді Әбекең ағынан жарылып. – Қанша байқауларға қатысып жүрсем де дәл Астанадағыдай сезімді бастан кешіп көрмеппін. Уақыттың тығыз болуына қарамастан біз көптеген елдердің павильон-дарында болып, олардың желден, судан электр қуатын өндіретін құрылғыларының қалай жұмыс жасап тұрғанын көрдік.

Бұл сапарға мен өзім қолдан жасаған домбырамды, одан басқа да бұйымдарды апарған болатынмын. Туристер менің жасаған бұйымдарыма қызығушылық танытты, саудаласқандары да аз болмады. Бірақ мен   домбыраны   бізді екі күндей күтіп, қаланы аралатқан, бүгінде Астанада қызмет бабымен жүрген жерлестеріме сыйлап кеттім.

...Әбекең 1942-жылы12-сәуірде ауданымыздағы Жаңаталап ауылында дүниеге келген екен. Әке-шешесі қарапайым колхоз­шылар болған.

– Біз бір отбасыда үш ағайынды едік, – дейді ол кісі. –  Менен үлкен Әріпбек, Әділбек деген ағаларым ауылда көп тұрақтамай, қалаға ерте кетті. Ал үйдің кенжесі мен болғандықтан үйде қалып, ауылдағы жетіжылдық мектепті бітірдім. Жас кезімнен қызулау, еті тірі болып өстім.

Бала кезімнен сурет салуды дағдыға айналдырған мен ауылдағы жеті жылдық мектепті бітірген соң аудан орталығындағы Абай атындағы орта мектепке оқуға келдім. Осында оқып жүрген кезімде қабырға газетінің редколлегия мүшесі болып, су­ретімді салып жүрдім. Ол кезде тәртібі нашар, білімі төмен оқушылар «Кірпі», «Крокодил» деген сатиралық қабырға газеттеріне шығып тұрушы еді ғой.

Содан Абай мектебін бітірмей жатып, 1961-жылы әскерге өзім сұранып, мұхиттың арғы жағындағы Кубаға кеттім. Ол жаққа барысымен түрлі саяси жағдайларға байланысты 24 жауынгерді елге кері қайтарды. Одан әрі Қытай мемлекетіндегі «Дружба» стансасында әскери борышымды өтеп, 1964-жылы ауылға оралдым. Ауылға келген соң колхоздың қойын бақтым, оның арасында жекелердің тұрғын үйлерін салуға көштім. Тағдырдың бұйрығымен Қарағандыға келіп, біраз жылдар шахтада жұмыс істеген кездерім де болды.

1969-жылы Алматының қызы Орынкүлмен көңіл жарастырып, отау құрдық. Одан әрі темір кесу технологиясының маманы ретінде Қаратауға аттанып, сондағы механикалық цехта жұмыс атқардым. Осында жүргенде цех бастығымен сөзге келіп қалып, жұмыстан шеттетілуіме тура келді. Амал жоқ, ауылға келіп, колхоздың қойын бақтым, Түлкібас консерві зауытында, Шымкенттегі шаруашылық есеп басқармасында, цемент, шифер зауыттарында, теміржолда ұзақ жылдар еңбек етіп, денсаулығыма байланысты 1990-жылдары елге оралдым ғой. Ауылға келген соң да қарап отырмай сақпанда, егістікте жүгері егіп, жалгер де болдым. Кез-келген жұмыстарды атқардым. Оның соңғы бес жылын Жаңаталап мектебіне арнадым. Осында жүріп, оқушыларымды сурет салуға, қолөнер бұйымдарын жасауға баулыдым. Өзім де осы аралықта қолөнер бұйымдарымен мықтап айналысып, аудандық, облыстық байқауларға қатысып, аудан намысын абыроймен қорғап жүрдім. Осы байқауларда алған марапаттарым да жетерлік».

Әбекең қолөнер бұйымдарын кәдімгі өрік, жаңғақ, тұт ағаштарынан жасайды екен. Одан басқа  ағаштарды да қажетіне қарай пайдаланады.

«Менің жұмыс аспаптарым қарапайым ғана. Шот, балта, егеу, ара... Ал шеберханам жоқ. Егер демеушілер табылып, қаражат жағынан көмектесер болса, онда электр қуатымен тербелетін бесік, қоларба жасау ойымда бар. Мен негізінен халқымыздың салт-дәстүріне сай қолөнер бұйымдарын жасаймын. Мәселен, қазақтың ою-өрнегі бар қымыз, сорпа құятын үлкен шара, ожау, қасықтар, кеселер бүгінде үлкен сұранысқа ие. Сонымен қатар, домбыраның түр-түрін де тапсырысқа сай  жасап беремін. Егер шеберханам болса, ондағы түрлі станоктармен сандық, қобдишалар, диван, кереует, шкаф, шифоньер, тағы басқа да жасаған болар едім. Кейде басшыларға да ренжитін кезім болады. Оларға мен тек қолөнер шеберлерінің байқауы кезінде ғана керек боламын. Ал оның жол ақысы, бұйымдарды көрмеге жеткізуді өзім көтеріп жүремін», – дейді Әбекең.

...Амангелді Елепберге­новтің жасы қазір 75-те. Ол кісі 3 ұл, 4 қыз өсірген. Бүгінде олардан 18 немере сүйіп отыр.

Орынтай КӨМЕКОВ.

Түлкібас ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!