Кейуана көшеде қалды Оған заңгер көмегі қажет

18.10.2017
Қаралды: 165

Қаладағы көпқабатты үйлерде тұратын жандардың жылыту маусымы басталарда «опрессовка» істететіні белгілі. Біздің үйдің жылыту жүйесін  қысқа жыл сайын Тамара есімді үй төрайымы дайындайтын.

 Тұрғындарға салмақ салмай-ақ, өзі арнайы мамандарды шақыртып, бағасын келісіп істете беретін. Сосын: «Мынанша теңгеден жинау керек», – дейтін, айтылған ақшаны бәріміз беретінбіз. Ал биыл тым-тырыс. «Опрессовканы» ойлап жүрген көршілерді байқамадым. Тамара апайымыз да бірнеше күннен бері көзге түспей қалды. Не болды екен деп қасымдағы көршіні ертіп Тамара апайдың үйіне бармаймыз ба? Есікті келіні ашты. Сөйтсек, дәл «Қарттар күні» мерекесінің қарсаңында келіні мен ұлы оны үйінен қуып жіберіпті.

«Вы ее больше не ищите. Мы ее выгнали», – деп әңгімесін бастаған Айман келін былай деп уәж айтты: «Апашка соңғы кездері тым қатты ішіп кетті. Күнде кешкісін ішіп алады да, қырық жылдық қайғысын есіне түсіріп еңірейді. Невозможно уже. Шаршап кеттік. Балам да соңғы кездері достарынан ұялатын болды, достарының алдында позор болмасын, «Апаң – алкаш» деген сөзді естімесін деп ол кісіні үйден қуып шықтық. Қазір туыстарының үйінде жатыр. «Егер қайта келетін болсаң, онда «психушкаға» апарып тастаймын!» – деп айтып жібергенмін».

Келіннің сөзінен соң оны ақылға келтірмек болып едік, онымыздан түк шықпады. Алған бетінен қайтпайтынын, енесін енді есігінен аттатпайтынын айтып, бізді де үйінен қуып шықты.

Рас, соңғы кездері Тамара апай аздап «ұрттап» жүретін. Оған көктемде ғана күйеуі мен үлкен ұлының жол апатына ұшырап қаза тапқаны себеп болса керек. Бейшара әйел ішіндегі күйігін осылай басып жүрген еді. Алайда ешкімге зияны жоқ жанның бір мезетте үйсіз-күйсіз қаңғып қалғаны менің жаныма қатты батты.

Менің ата-анам және Тамара апайдың отбасы 1979-жылдан бері көрші тұрады. Апайымыздың ұл-қыздарын қалай бағып-қаққанын, оларды мәпелеп, жетелеп жүріп өсіргенін көріп келемін. Өздері ішіп-жемесе де бар тәттіні балаларының аузына тосып, оларды оқытып-шоқытқандағы алған алғысы осы ма еді деп іштей әбден күйзелдім. Төрт бөлмелі пәтердің бір бұрышынан орын тауып бере алмаған баласын ақтап аларға сөз таппадым.

Айналайын, қазақтар! «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ» деген сөз бар емес пе? Ақ сүтін аузына тосқан, жүрегінің түкпірінде 9 ай сақтап, өмір мен өлімнің арасында жатып сені өмірге әкелген адамды қалай ғана қаңғытып немесе Қарттар үйіне апарып тастауға болады? Адам түгілі есігінен сығалаған мысыққа да тамақ беріп, бағып-қағатын бұл қазақтың пейіліне не көрінді екен?

P.S. Осы мақала газетке дайындалып жатқанда Тамара апай телефон соқты. Ол бізге болған жайды баяндап, үйден өзіне тиесілі үлесті алғысы келетінін, бірақ кімге, қайда шағымданатынын білмей отырғанын, оған құқықтық сауаты жетпейтінін айтты. Күйеуі көзі тірісінде үйді ұлының атына аударып қойған екен. Ал келіні енесін тіркеуден шығарып тастаған. Осы қаншалықты заңды? Тамара апай өз құқығын қалай қорғай алады?

Егер осы мәселе бойынша көмек қолын соза алатын жандар болса, 8-771-669-36-69 телефонына қоңырау соқ­са екен. Ел болып, көп болып көшеде қалған кейуананың құқығын қорғайықшы!

С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!