Үй жануарларына да екпе жасату – маңызды іс

13.11.2017
Қаралды: 491

Түрлі аурулардың алдын-алуда тиісті екпе жасатудың маңызы аса зор. Ал арнайы екпе үй жануарларына да жасалады. Соның бірі «Сібір жарасына» қарсы вакцина. Бұл – бүгінгі таңда өте қажетті шаралардың бірі.

Мұндай екпе ауруды тез қабылдағыш, әлсіз жануарларға және ет комбинаттарында, мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтін, тері, жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға жасалады. Вакцина жасалған малды біраз уақыт бақылау керек, оны өзге шаруашылықтарға ауыстыруға немесе егілгеннен кейін 14 күн ішінде союға болмайды. Ал адам ағзасында «Сібір жарасына» төтеп бере алу қасиеті егуден кейінгі 12 – 14 күнде пайда болады да, 12 айға жуық сақталады. Вакцина алғандар жұмысқа  екі аптадан соң жіберіледі, жалпы, олар екпені жыл сайын алып отырулары тиіс.

Егу жұмыстары жануарларды жоспарлы тексеруден өткізу кезінде ветеринарлық мекемелерде тегін жүргізіледі. Мал иелері оларды екпеден өз еркімен өткізуі маңызды. Ал екпе жасатқаннан кейін 10 күн ішінде жануар өліп қалса, оның терісін сыдыруға болмайды. Өйткені ауру қоздырғыштары ағзадан тыс жерде тек ауаның әсерінен пайда болады, сондықтан оның терісін сыдырмау, сондай-ақ өлексені аң-құстардың тасуына жол бермеу керек. Әйтпесе аурудың жаңа ошақтары пайда болуы мүмкін. Дұрысы – өлген малды терісімен бірге өртеу немесе қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтай отырып, мал көметін арнайы орындарға өртеу үшін апару керек. Ауру мал жатқан немесе сойылған жерге басқа жануарларды жіберуге, адамдардың ол жерде жұмыс істеуіне тыйым салынады. Ауру мал болған қоралар мен жайылымдар залалсыздандырылуы тиіс.

Жалпы, «Сібір жарасы» деген – жіті жұқпалы ауру. Ол көбінесе тері жамылғысында көрініс береді, өкпе мен ішектерде сепсис түрінде өтуі сирек кездеседі. Қоздырғышы – бацилла жоғары температурада қыздырғанда және қарапайым дезинфекцияны пайдаланғанда жылдам жойылады.

Бұл ауру малдан адамға жануарларды бағу, ауру жануарларды сою, ұшасын бөлшектеу, терісін сыдыру, өлексесін көму кезінде, ауру жануардан алынған өнімді, ауру жұққан заттарды пайдаланғанда жұғады. Оның белгілері мынадай:

Қоздырғыш енген тері тұсында екі-үш күннен кейін қызғылтым немесе көкшіл түсті дақ пайда болады, ол қышиды, сосын күйдіргендей болып мазалап, үдей түседі. Бөртпе 12 – 24 сағат өткеннен кейін 2 – 3 миллиметрдей болып, ішінде ашық түсті сұйықтығы бар күлдіреген бөртпеге айналады. Уақыт өте келе әлгі сұйықтық қоюланып, оған қан араласады. Қышып, шыдатпаған соң науқас адам оны тырналай қасып, жараға айналдырады. Содан бөртпенің орнында беті ашылған өлі етті қабыршақ пайда болады. Ол қатты, тығыз болады, күйдірілген тәрізді айналасын қызыл түсті жиек қоршаған. Дәл осы қабыршақ «Сібір жарасының» негізгі белгісі, дерттің атауы осыған байланысты шыққан.

Алғашқы қабыршақ көлемі үлкен емес, диаметрі 2 – 3 миллиметрді құраса, ол бірте-бірте ұлғайып, тері деңгейінен төмен түсіп, түсі қап-қара болып, тығыздалады.

«Сібір жарасының» тағы бір белгісі – орталық қабыршақтың маңайына алғашқы күндерде екінші қайтара сулы бөртпелер шығады. Осындай өзгерістер білінген алғаш­қы сағаттарында дертке шалдыққан адам әлсіреп, селқос болып, басы ауырады, алғашқы тәулік өткен соң немесе екінші тәулікте дене қызуы 39 – 40 градусқа дейін көтеріліп, халі нашарлайды. Мұндай температура 5 – 6 күн бойы сақталып, сосын күрт төмендейді.

Бүгінгі таңда «Сібір жарасын» емдеуге арналған күшті әсерлі дәрі-дәрмектер (гамма-глобулин, антибиотиктер) бар. Дегенмен медициналық көмекті дер кезінде алған маңызды. Сондықтан аурушаңдықтың алғашқы белгілері біліне салысымен-ақ жақын орналасқан емдеу – алдын-алу мекемелеріне барып, медициналық көмекке жүгіну керек.

Жалпы, мал ауырған немесе өлген әрбір жағдайды шұғыл арада ветеринар маман­ға хабарлаған абзал. Егер жануар аурудан өліп қалса, ветеринар маман келгенше өздігіңізден оны союға кіріспеңіз. Ауру малды жасырын сойып, етін, терісін, жүнін және тағы басқа өнімдерін саудалау адамдар мен жануарлардың аталмыш дертке ұшырауына соқтырады. Мұндай іспен айналысқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Есте сақтаңыздар: Ет және жануарлардан алынатын басқа да өнімдерді арнайы мал дәрігерінің бақылауынан өтпеген, сатуға рұқсат құжаттары  жоқ жекелеген адамдардан алуға тыйым салынады.

С. СҰЛТАНБАЙ,

Шымкент қаласындағы Қаратау ауданы қоғамдық денсаулық сақтау

басқармасы эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ