Жұмыссыздық, жемқорлық, парақорлық жайлаған ел

02.10.2017
Қаралды: 267

Еліміздің тәуелсіздік алғанына 26 жыл болды. Аз уақыт емес. Ілгерілеу, өрлеу бар. Бірақ мені қатты қынжылтатын нәрселер де жоқ емес. 

Олар: 1. Заңдар, үкімет қау­лы­лары орын­далмайды. 2. Елде тәртіп жоқ, мемлекет ақшасы талан-таражға түсуде. 3. Жоғары дәрежелі шенеу­нік­тер алыс елдерге көп қы­дырып, мемлекетке қыруар залал келтіруде. 4. Сондай-ақ «Қазақстанның әрбір азаматы тұр­ғын үй салу үшін 10 соттық­ жерді тегін алу­ға құқылы» де­ген мәселе неге іске аспайды?

Қысқасы, бізде баяғы КСРО кезіндегідей жоспарлы, тиянақты, нақты істер өте аз, ал жиналыс, конференция, симпозиум, съезд, пленум, баспасөз мәслихаты сияқты жиындар­ көбейіп кетті. Осыған қарап атақты Мөңке бидің «Қу кесектен үйің болады, азаннан кешке дейін жиын болады, дымды шешпейтін биің болады», – деген болжамы дәл айтылған дерсің.

Менің жанымды жегідей жейтін тағы бір нәрсе, елімізде кедей-кепшіктер мен жұ­мыссыздардың уақыт өткен сайын көбеюі. Ал шенеуніктер бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыссыздар саны азайып келеді деп өтірік ақпарат беруін тоқтатар емес. Өз­гені былай қойғанда, менің ет жақын туыстарым мен таныс-тамырларымның арасында 200-дей жұмыссыз бар. Көбі 20-35 жас аралығындағы тепсе темір үзетін жастар. Олардың кейбірінің кәмелетке толмаған балаларына үкі­мет жәр­демақы да бермейді. «Әкесі бар екен, отбасын асырасын», – дейді. Жәрдемақыны әке­сіне емес, заң бойынша балаларға беру керек емес пе?

Осы орайда Конфуцийдің: «Қай мемлекеттің басшылары тоқ болып, халқы аш болса, ол ел тоз-тоз болады, қай елдің халқы тоқ болып, басшылары аш болса, ол ел гүл­дене түседі» деген сөзі еріксіз есіңе түседі екен.

Америка құрама штатының тұңғыш прези­денті Джордж Вашингтон алған айлығынан ай сайын жетім-жесірлерге, ауру-сырқауларға ақша беріп тұрған екен. Ал бізде ше? Қайта қайда барсаң да қара басына қара нан жеткізе алмай жүрген жарлыны жалмап алуға әзір аузын аждаһадай ашқан парақорлар, жем­қор­лар, арамтамақтар, имансыздар, тасба­уырлар, ынсапсыздар, ұятсыздар, қара басын күйттеген эгоистер.

Қожа Ахмет Йассауиден қартайған шағында біреу: «Сіз неден қорқасыз?» – деп сұрапты. Сонда ол: «Адамдар арасында мейірім-шапа­ғат жетіс­пейді ме, жоғала ма деп қорқамын», – деп жауап берген екен. Данышпан әулиенің сол қорқынышы бүгінде дәл келгені ме деп еріксіз таңданасың. 

Оқу бітірген, дипломы бар жастар сан­далып жұмыс таппай жүр. Мұғалім болып мектеп­ке орналасу үшін директор 600 мыңнан 1 миллионға дейін теңге пара сұрайды екен. Ауруханаға медбике болып орналасу үшін 300 мың теңге беруі керек деп естиміз. Тұрақты жұмысы, басында баспанасы жоқ жас­тар параға ақшаны қайдан табады? Жас­тарды жұмыспен қамтудың халыққа оңтайлы жолын табуға бола ма, жоқ па? 

Сонымен қатар қазіргі кезде жастардың көбі білімсіз деген сөздер көп айтылады. Оның себебі оқу орындарының жекеменшікте болуынан деп ойлаймын. Мамандарымыз білімді, білікті болсын десек, оқу орындарын мемлекет меншігіне өткізу қажет. Сосын жұмысқа жолдамамен жіберу қажет.

Қазақстанда қолжетімді баспана салы­нуда, ипотекаға үйлер берілуде дейді. Оларда да пара араласып жүреді. Енді жұтатын ауа­мызға, дәретханаларға кіруге де пара алу қалды. Менің ойымша, қазақтың саны көбеймей тұ­руы­ның басты себебі – жас отбасылардың үйі жоқ. Ал кейбір жас жігіттер тұрақты жұмысы, баспанасы болмағаннан кейін үйленбей жүріп алады. Үкімет ең болмаса жастарға үйді ар­зандау етіп, ал жерді тегін берсе, қара лайды қаласа да өйтіп-бүйтіп үй салып алар еді-ау.

Біздің шенеуніктердің ең үлкен қателігі – баяғы КСРО кезінде салынған «хрущевкаларды», «коммуналдық» үйлерді орыс­қа да, не­міске де жекеше­лендіріп бергені. Сол коммуналкалар мемлекет есебінде тұра бергенде, қазіргі таңда елімізге миллиондаған оралман көшіп келер еді. Шетел­дегі қазақтарымыз Қазақстанда баспана өте қымбат, парақорлар көп, жұмысқа тұру және азаматтық алу қиын деп көшіп келуден қорқып отыр.

Баспана мәселесін шешуді өзбек ағайындардан үйренуге болады. Ислам Каримов тірі кезінде әрбір ауыл, кент, елді-мекендерге мемлекет есебінен 10-15 соттық жері бар «типовой» үйлер салдырып тастаған. Үйі жоқтар сол үйлерді 15 жылға жалға алады, кейін ол үй өзінікі болып қалады.

Қазақстан Республикасы Парламенті депу­таттары тұрғын үй туралы заңды қайта қарап, халықты үймен, пәтермен қамтамасыз етудің оңтайлы жолдарын қарастырса дұрыс болар еді. Жер-жерде тойхана, кафе, мешіт сала бергенше, алдымен тұрғын үй тұрғызу керек. Оларды мұқтаж адамдарға 20-25 жылға несиеге, жалға берсе, жастар тезірек үйленіп, халықтың саны жедел қар­қынмен көбейетіні анық. Ел бюджетіне миллиондаған теңге түсіп, экономикамыздың өсуіне де көмегі тиер еді.

М. МҰҚАНОВ,
зейнеткер.

Сарыағаш қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!