«Абу-Даби Плазадағы» айқайдан соң

11.09.2017
Қаралды: 406

2-қыркүйек күні Астанадағы «Абу-Даби Плаза» кешенінде үнді жұмысшылары мен күзет қызметіндегі азаматтар арасында төбелес орын алғаны белгілі. 

Қақтығыс күзетші қазақ азаматының мас үнді жұмысшысын өткізу бекетінен қалаға шығармай қоюынан басталған. Үнділер күзетшіні жабылып соққыға жыққан, сосын қазақтар көтеріліп, жаппай төбелес орын алған. Оқиға орнына тез жеткен күш құрылымдары онда тәртіп орнатты, 40-тан аса адамды қамауға алды. Кейін олар босатылды, 7-8 адамға әкімшілік жаза қолданылды, 2 азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.

«Абу-Даби Плаза» кешені құрылысында болған бұл оқиға қазақ азаматтарын дүр сілкіндірді. Жұртшылық келімсек жұмысшылардың өздерін соншалықты еркін сезініп, жергілікті азаматтарды басынғанына ашулы. Өйткені мұндай жағдай елімізде бұрын да талай мәрте болған. Сондықтан бұған байланысты әлеуметтік желіде көптеген пікірлер айтылды. Солардың бірқатары мынадай:
 
Біздің ел неге өз азаматтарын қорғауды ойламайды?
Мына жайды көзіңізге елестетіңізші: Бауырыңызды бір топ шетелдік сабап жатыр. Сіз не істейсіз? Заңды сақтауым керек деп, полицияға телефон шалып, сызылып тұрасыз ба? Полиция келіп жеткенше өлтіріп қоймай ма? Дәл сол сәт кім де болса бауырын ана бұзақыдан арашалап алуға кіріседі. Осылайша төбелес өрті тұтанады. Арғы жағы белгілі. 
«Айтқанның аузы жаман, жылағанның көзі жаман». Қалай айтпайсың, қит етсе болды, қазақ кінәлі болып шығады. Қазақтың соры қайнайды! 
Қалай жыламайсың жоғыңды жоқтайтын, жыртысыңды жыртатын тетік болмаса! Осыдан кейін өзіңді-өзің қорғаудан басқа амалың жоқ. Неге Қазақстан азаматының мүддесі Англиядағыдай немесе Араб Әмірліктеріндегідей қорғалмайды?
Англияда көшеде кетіп бара жатқан бір ағылшынның бетіне ұзағырақ қарап көрші, «за вторжение в личное пространство» деп, өкіртіп тұрып айыппұл салып, бір минут кешіктірместен есегіңе теріс мінгізіп, келген жағыңа кері қайтарып жібереді. Өз есебіңе қайтуға мүмкіндігің болмаса корольдік есебінен депортация жасайды да, екінші қайтып ол елге табаның тиместей етіп шекара асырады. 
Біріккен Араб Әмірліктерінде бір араб әйелінің бетіне көзіңнің қиығын салып көрші, алды-артыңа қаратпастан апарып зынданға тығып тастайды. Содан кейін мықты болсаң шығып көр ол қамақтан! Өліп-талып, әбден сілікпең шығып, қалтаң оңбай қағылып, дипломатиялық қызметтерді араластырып  түбі бір шығам деші. Бірақ екінші қайтып ол елді желкеңнің шұңқыры көреді. Біреу ат басындай алтын берем десе де жолай қоймассың. 
Міне, есі бар ел өз азаматтарын осылай қорғайды. Ал біздің елде кім көрінген жергілікті ұлттың басына «саңғып» кете береді. Неге?
Гүлмәрия БАРМАНБЕКОВА. 
Келімсекті құтыртқан не нәрсе екен?
Саудияда 500 мың, Әмірліктерде 400 мың үнді жұмыс істейді. Сондағысы әлгілердің біреуі де жергілікті азаматтардың орнын алмаған – тек олар келіспеген қара жұмыс түрлеріне тартылған. Алайда соңғы оқиғалар желісінде әлдеқайда маңыздысы – араб елдеріндегі үнділер өз орнын біледі, қарсы шықпақ түгілі дүкенге араб кірсе оған шеттеп жол береді. Неліктен? Сыпайы болғаннан ғана емес шығар. Жергілікті билік, заң орындары кімнің кім екенін әу баста миларына қадап басқанынан.
Ендеше арабтарда ауыз ашуға дәрменсіз, жергілікті азаматтың көзіне тіке қарауға дәті бармас үнді Астанада неге құтырды? Сайып келгенде бұл шетелдіктің олқылығы ма, әлде соған жағдай туғызған қабылдаушы ел шенділерінің ісі ме? 
Ойланарлық.
Расул ЖҰМАЛЫ.
 
Ол жерде 3732 үнді азаматы бар екен
«Әбу-Даби Плазада» 3732 үнді (76,7%), 160 түрік (3,3%), 156 мысырлық (3,2%), 143 филиппин (2,9%), 117 иордан (2,4%) және тағы да басқа мемлекеттердің азаматтары еңбек етіп жатыр». Marat Kozhakhan.
Сұрақ: Неге осы 100 пайыздың ең болмаса 75 пайызы қазақстандық жұмысшылар болуы заңмен бекітілмейді?
Өмірзақ АҚЖІГІТ.
 
Бәрі де ашық айтылуы тиіс
«Абу-Даби Плаза» құрылыс кешенінде болған жағдай тексерілері анық. Бірақ мәселе қалай тексерілуінде. Тексеруді шетелдік жұмысшыларға Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат беретін мекемеден бастау керек.
1. Дәл қазір Қазақстанда неше шетелдік жұмыс істеп жүр? Оның ішінде неше қытай, неше үнділік, неше араб, т.с.с. бар?  
2. Қай мемлекетке неше лимит берілді?
3. Елдегі шетелдіктер сол лимитке сәйкес пе? 
Соның бәрі егжей-тегжейлі тексерілуі тиіс. Ары қарай Жамбыл Артықбаев аға айтқандай, социологтар, конфликтологтар, этнологтар жұмыс істеуі керек. Дәл қазіргі жағдайда «Жауырды жаба тоқу» ең алдымен ел ішіндегі тұрақтылықты шайқалтып, мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіреді.
Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ.
 
P.S. Астанадағы «Абу-Даби-Плаза» құрылыс кешені Біріккен Араб Әмірліктерімен жасалған келісім негізінде салынып жатыр. 75 қабатты, биіктігі 382 метрді қамтитын бұл кешеннің жалпы аумағы 510 мың шаршы метрді, құны 1 миллиард 600 миллион долларды құрайды. 
Кешегі жұма күні Астана қаласының басшылығы Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісімен, сондай-ақ «Абу-Даби Плаза» кешенінің құрылысын жүргізіп жатқан компания басшыларымен кездесу өткізді. Онда үндістандық 61 жұмысшының тәртіп бұзғаны үшін өз елдеріне қайтарылатыны айтылды. Бұлардың ішінде 23-іне Қазақстаннан кетуге 1 тәулік уақыт беріліп отыр.
 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!