Бүгінде жұрт назары Оңтүстік-шығыс Азиядағы Мьянма мемлекетінің (бұрынғы атауы – Бирма) Ракхайн штатында болып жатқан оқиғаға ауып тұр.
Онда үкіметтің күштік құрылымдары мен жергілікті рохинджа мұсылмандары арасында қанды қақтығыстар орын алды.
400-ден аса адам қаза тапты
Жалпы, Ракхайндағы (бұрынғы атауы – Аракан) ұлтаралық қақтығыстар ұзақ жылдардан бері жалғасып келеді. Рохинджа мұсылмандарының қуғын мен зорлық-зомбылық көріп келе жатқаны туралы бұрын-соңды талай мәрте айтылып та жүрген болатын.
Жарияланған деректерге қарағанда, өткен 25-тамыз күні «Аракандық рохинджаларды құтқару армиясы» деген ұйымның қарулы сарбаздары бірнеше полиция бекеттері мен казармаларға шабуыл жасапты. Осыған байланысты билік оларға қарсы әскери операциялар жүргізген. Ресми жарияланған деректерде «шамамен 400-дей содырдың көзі жойылғаны» туралы айтылады, бейбіт тұрғындар мен әскер қатарынан да шығын бар.
Ал осы аласапыран кезінде көрші елдерге босып кеткен бейбіт тұрғындардың айтуынша, әскер мен полиция күштері ешкімді де аямаған көрінеді. Олар күш құрылымдарының жазықты-жазықсызға қарамай жаппай қырып-жоюға көшкенін, мыңдаған адамдардың қырылып, үйлердің өртелгенін, зорлық-зомбылық көрсетілгенін айтуда. Интернетте бұған қатысты төбе шашыңды тік тұрғызатын сұмдық бейнежазбалар таралуда. Онда қинап өлтірілген адамдар, өртелген мәйіттер көрсетіледі. Дегенмен мұны жалған ақпарат деп жоққа шығарып жатқандар да жоқ емес.
Жалпы, Мьянма мемлекетінің бұл аумағында шын мәнінде не болып жатқанына нақты баға беру өте қиын. Себебі ол жақ жабық, таралатын ақпарат бір-біріне қайшы келіп жатады.
Рохинджа мұсылмандары деген кімдер?
Ракхайн штатының жергілікті тұрғындары – аракандар. Ракхайн Мьянмаға жақын, Бенгал шығанағының жағалауында, Бангладешпен шекарада орналасқан. Кезінде бұл штат аумағында Аракан корольдігі өмір сүрген, Ұлыбритания басып алғасын тәуелсіздігі жойылған. Сондықтан аракандықтар арасында да өз алдына дербес ел болуды қалайтындар аз емес.
Ал рохинджа мұсылмандары – кезінде Үндістан мен Пәкстан бөлінгенде осы екі мемлекеттің құрамына бөле-жара енген Бенгалияның тұрғындары. Бір кездері олардың жалпы саны 4 миллионнан асқан деседі, ал қазір 1 миллионның төңірегінде ғана екен.
Рохинджа мұсылмандары өздерін Араканның байырғы тұрғындарымыз, Үнді мұхиты жағалауындағы елдерді жаулаған арабтардың ұрпағымыз деп есептейді. Ал аракандар оларды Бангладештен ауған еңбек мигранттарының ұрпағы деп атайды, кемсітеді, штатты олардан тазартуға шақырып жүрген сепаратистік топтар, әсіре ұлтшылдар бар. Будда дініне мұсылмандардан қауіп төніп тұр деп ашықтан-ашық елді арандататын осындай топтардың кесірінен бұдан бұрын да талай қанды қақтығыстар болған.
Кей тарихи деректерге қарағанда, рохинджа мұсылмандарын Ракхайнға ағылшын отаршылары XІX – XX ғасырларда арзан жұмыс күші ретінде апарып қоныстандырған деседі. Кейін олардың қатарын 1970-жылдары Бангладештің Пәкстаннан тәуелсіздік алу жолындағы соғысы кезінде қашқандар толықтыра түсіпті. «Рохинджа мұсылмандары» деген атауды олардың өздері қойып алған. Яғни ол «Ракхайндық мұсылмандар» деген сөз.
...Міне, Мьянманың Ракхайн штатындағы ахуал осындай болып тұр. Үнемі толастамайтын қақтығыстар мен қуғыннан, кемсітуден жыл сайын мыңдаған рохинджа мұсылмандары Мьянмаға көрші мемлекеттерге бас сауғалайды. (Бұл ел Қытаймен, Үндістанмен, Бангладешпен, Лаоспен, Тайландпен шектеседі). Бірақ ол жақта да олардың жағдайы жақсы емес, ешқандай да құқықтары жоқ. Соның салдарынан адам сатушылардың қолына түсіп, құлдыққа сатылып кетіп те жатады.
60 жылға созылған төтенше жағдай
Жалпы, Мьянма – көпұлтты мемлекет, онда 100-ден аса ұлт өкілдері тұрады. Халқының саны 60 миллион адамға жуық, оның 70 пайыздайы – жергілікті ұлт өкілдері. Бұл ел халқының 90 пайызы Будда дінін ұстанады.
Мьянма 1824-жылдан 1948-жылға дейін Ұлыбританияның отары болды. 1942-жылы оны жапон милитаристері басып алды. Жапондардан ол 1945-жылы ғана азат етілді.
Мьянма 1962-жылдары дамудың социалистік жолын таңдаған. Кейін мұнда әскери төңкеріс болды. Әскерилер билікті 2011-жылға дейін қолында ұстап тұрды. Елдің тұтастығы сақталуында, тәртіп орнауында әскер басты роль атқарды. Себебі Мьянмада әлеуметтік теңсіздік әбден тереңдеген еді, ел тәуелсіздігін жариялағасын ондағы әр ұлт өзінің дербестігін алуға ұмтылды.
Бұл елде 1950-жылдары коммунистер мен социалистер арасында билікке таласқан тартыс жүрді, оның соңы қарулы қақтығыстарға ұласты. Елде Азамат соғысы басталды. Бұл соғыста әр тапты, әр партияны жақтайтындардан бөлек, діни, ұлттық негізде құрылған ұйымдар мен қарулы жасақтар бір-бірімен ұзақ қырқысты.
Міне, осы аласапыранды ауыздықтау кезінде әскер басты роль атқарды. Сол кездері бұл елде төтенше жағдай жарияланған болатын, ол 60 жылға созылды.
2011-жылы Мьянмадағы әскери билік азаматтық үкіметтің қолына көшті. Билік басына адам құқықтары мен демократия жолындағы күрескерлігі үшін Нобель сыйлығын иемденген Аун Сан Су Чжи келді.
Мұсылман мемлекеттері наразылық білдіріп жатыр
Бүгінде Мьянмадағы ахуалдан әлем жұртшылығы хабардар болды. Бұл іске Түркия белсенді түрде атсалысты, халықаралық деңгейде бірінші болып мәселе көтерді. Түркия Президенті Ердоған Біріккен Ұлттар Ұйымынан, халықаралық адам құқық қорғайтын ұйымдардан Мьянмадағы мұсылмандарға ара түсуді талап етті.
Кешегі аптада Мәскеудегі Мьянма елшілігіне жақын жерде Ресей мұсылмандары рұқсат етілмеген шеру өткізді. Ал Шешенстан астанасы – Грозный қаласында миллионға жуық адам қатысқан бейбіт шеру ұйымдастырылды. Малайзияда да Мьянма мұсылмандарын қорғауға қатысты шеру болып өтті. Индонезияда шеруге шыққандар Мьянма елшілігінің ғимаратына жанғыш шөлмектер лақтырды.
Осыдан кейін бұл мәселеге қатысты жекелеген елдер мен халықаралық ұйымдар да үн қата бастады.
Осының бәрі де ізсіз кетпейтін шығар. Әлем жұртшылығы араға түсіп, атсалысса, рохинджалық мұсылмандардың азабы жеңілдеп, бейбіт өмірге қайта оралар деген үміт бар.
Т. ТҰРАН.
Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!