«Не шықса да Шымкенттен шығады» деген рас екен

05.09.2017
Қаралды: 734

«Не шықса да Шымкенттен шығады» деген сөз рас екен. Астана қаласының қақ ортасында тұрамын. «ЭКСПО» басталғалы неше түрлі іс-шара, концерттер беріліп жатыр. Бәрі де жақсы, тамаша! Рахмет!

Ал кешелі бері Шымқала күндері өтуде. Сондай керемет! Астанаға жан біткендей, күмбірлеген күй көше-көшеде жүректі елжіретіп, тұла бойыңды шымырлатып, сондай бақыт сыйлап, бір жасап қалудамыз. Он саусақтан өнер тамған шебердің қолынан шыққан ұлттық киімдер, қайталанбас ою-өрнектер көздің жауын алады. «Сайқымазақтар» мен мультфильмдегі кейіпкерлердің костюмдері керемет-ау, керемет! Жүріс-тұрысы, өздерін ұстауы, өнерін айтсаңшы, барлығы бірдей Астананы алақанында тербеткендей.

Жаяу сап түзеп өнер көрсету деген ғажап екен! Сый-сияпаттарын да таратып үлгеріп жатыр. Не деген биязы, мейірімді көзқарас, үлкен жүрек десеңізші! Бір-бірін, жетекшілерін ишарамен-ақ түсініп, артық дауыс көтертпей, не деген ұйымдастырушылық десеңізші!

Осы жылғы ең көрікті де көркем өткен мереке осы болды-ау! Елден ерекше ән-жырымен елді баурап, шетелдік қонақтар да мәз боп билеп жүр. Не деген құдірет!

Рахмет барлық өнерпаздарға! Өркендерің өссін, өнерлерің өрге тасысын, биіктен көріне беріңдер!

Астана халқын қуанышқа бөлеп кеттіңдер. Бұны көрген де арманда, көрмеген де арманда. Сахнадағы ән-биден жалыққан екенбіз. Тегін концерт беріп бір серпілтіп тастадыңдар. Бұл тәтті сезім көргеннің жүрегінде сағыныш боп сақталып, таңдайдан дәмі кетпес.

Бұл енді рас. Ойлап қалмаңдар, мен шымкенттік емеспін. Ала жаздай болмаған бір мереке болды. Соншалықты әсерден бе, көзімнен қуаныш жасы тамшылап кетті, біраз жеңілденіп қалдым.

Орынша ЖҰМАТАЙҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!