Тілі шұбарланған дүбәра бала

30.08.2017
Қаралды: 359

Үйге күйеуімнің Астанада тұратын туыстары келген. Ұлы 4-ші сыныпқа өткен. Баланың ата-анасы, ата-әжесі – Астана маңындағы жергілікті тұрғындар. 

Қазақы мінез. Тілдері де таза қазақша. Ұл-қыздары ержеткен соң Астана қаласының орталығынан үй алып, көшіп келген.

Менің айтпағым, мына 4-сыныпқа өткен кішкентай баланың тіліне біз түсінбей, түсінсек те басымыз айналып, дүбәра болдық та қалдық демнің арасында.

Біраз уақыт үй ішінде ойнап жүріп содан кейін көзден таса болған бала көше жақтан жүгіріп келіп: «Анашым, қайдасың?!» – деп ентіге сөйлеп кірді. Анасы алдынан шығып, оны таппай жүргенін, қайдан келгенін, неге асығып сөйлеп тұрғанын сұрап әлек. Баласы бірдеңелерді түсіндірген болып жатыр. Біз мұнда олардың өзара әңгімесін тыңдап, қарап отырмыз.

Сондағы баланың шұбарланған тіліне таңқалып, сөзіне мәз болып емес, ішіміз өртене, қабырғамыз қайыса, қабағымыз үйін-түйін болып шаршау кейіпте тыңдадық. «Анашым, буну который иті бар, корши апа бар, ия? Во-о-он там... Иди, посмотри сама, анашым, онда ку-у-уп баладар жур. С ними поиграю, бола ма, анашым? Мен сондан алдым буларды», – деп қолындағы заттарды көрсетті. Тыңдап тұрып біз шаршап кеттік. Ойнауға рұқсат берген анасына: «Бай-бай, анашым!» – деп қолын бұлғап, жүгіріп шығып бара жатты.

Бала кеткесін шешесіне айттық, «Мына балаң қай мектепте, қандай сыныпта оқиды өзі? Тілі не болып кеткен? Масқара ғой мынауың?!» – десек: «Білмеймін, жеңеше. Үйде бәріміз қазақша сөйлесеміз. Мектепте – орыс, ағылшын тілі. Достарының барлығы қазақ сыныбында оқыса да өзара орысша сөйлеседі. Ол аздай, енді қытай тілі қосыл­ғалы жатыр екен», – де-е-еп ренжіп отыр.

Ойпырмай, «Бала – болашағымыз» дейміз. Болашақтың түрі осы ма? Бастауыш сыныптан бастап бірнеше тілді меңгеріп шығуды міндеттеп қойса, қай ұлттан екеніңді ұмытып, таза мәңгүрттің өзі боласың ғой.

Тіл білген жақсы. Бірақ жоғары сыныптан бастап талап етсе де бала алып кетеді. Мен, жалпы, қалалықтардан қорқайын дедім... Баланы бесіктен, сүйегі қатаймай тұрып тәр­биелеуді өз қолдарыңыз­ға алмасаңыздар, мектеп бағдарламасы баланы дүбәра ететін қа­рапайым мысал болды бұл.

Қысқасы, аралас мектептердің көзін жойып, тек қазақ тілінде білім беретін бір ғана мектепке басымдық беру керек!

Мәриям ТАСБОЛАТҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!