«Теріскей» әнінің сөзін мен жазуым әбден мүмкін еді

23.08.2017
Қаралды: 483

15-тамыз – қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың дүниеге келген күні. Осыған орай жылда жер-жерлерде оны еске алуға арналған іс-шаралар өткізілетіні белгілі. 

Мен оған және өзіме қатысты бір жайды еске аламын. Онымен оңтайы келген кездесуім сәтсіз аяқталғаны осы уақытқа дейін көңілімнен кетер емес.

Мен ол кезде Созақ аудандық «Молшылық үшін» газетінің бөлім меңгеруші болып істейтін едім.  1971-жылы КСРО Журналистер одағына мүшелікке өткенмін, сол жылдары өлеңдерім мен очерк, әңгімелерім республикалық газет-журналдарда үзбей жарияланып тұратын.

Бір күні таңертең жұмыс орныма барып отыра бергенім сол еді, телефон шылдыр етті. Телефон шалған аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы Маханбет Бораншиев екен. «Тез жет, сені Шәмші Қалдаяқовпен  таныстырамын», – деді.

Содан «райисполкомға» құстай ұшып тез жеттім. Шәкең диванда отыр екен, қол беріп амандасқан соң «отыр» дегендей ым қақты. Мен қасына жайғасып болған соң Маханбет: «Өлеңдері газет-журналдарда жиі көрініп жүрген ақын жігітіміз осы болады», – деді. Сол кезде Шәкең маған еңсеріле бұрылып: «Жарық көрген кітаптарың бар ма?» – деп сұрады. «Жоқ... – дедім мен күмілжи. – Алматыға барып баспаның жоспарына кіргізуге жұмыстан қол тимейді. Оның үстіне атақты бір жазушының қолдауы керек деген сөз бар». «Оның рас, бір дөкейің болмаса, жоспарға енгізу қиын. Енгеннің өзінде баспадағылар жұлым-жұлымын шығаратыны тағы бар, – деп Шәкең мырс етті. – Жаңа қолым тимейді дегенің сылтау емес. Басыңды тасқа да, тауға да ұрып ізденіп, тығырықтан шығудың жолын табуға тиіссің. Бұл – шығармашылық адамдарының бәрінде бар кедергі. Менің «Ақмаңдайлым» атты әнімді Роза Бағланова, «Қайықта» әнімді Бибігүл Төлегенова орындап эфирге шығарғанға дейін мен де өзің сияқты елеусіз болатынмын. Содан бастап  жұртшылық менің әніме құлақ түретін болды».

Осылай деген Шәкең қияқтай мұртын салалы саусақтарымен бір сипап қойды. «Менің Теріскей еліне жасап отырған бұл сапарымның мақсаты – ол туралы бір ән жазу. Лажы болса ән сөзін ел мен жердің қасиетін жете танитын жергілікті ақын жазса деп едім. Ал мына кісілер сені ұсынып отыр» – деді сосын маған қадала қарап. «Сенім артсаңыз, бар қабілетімді салып көрейін», – дедім мен. «Онда мына көрші «Жартытөбе» совхозының атақты шопаны, Социалистік Еңбек Ері Қодас Арқабаевтың отарына барамыз. Қалған әңгімені жол-жөнекей айта жатармыз. Мені ол жаққа аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Асанхан Аманжолов алып жүреді. Ендігі хабарды сонан күт», – деді Шәкең.

Мен жұмыс орныма келіп, кешке дейін Аманжоловтың хабарын күттім. Ол кезде қазіргідей жылдам хабар алатын қалта телефоны жоқ. Аманжоловтың кеңсесіне бірнеше рет телефон шалғаныммен жауап болмады. Ол кісінің өзі ертеңіне түс әлетінде ғана телефон шалып, мені алып кетуге көлікте орын болмағанын, Шәмшіні Алматыға ұшаққа енді ғана шығарып салғанын айтып ақталды.

Өкінгенмен не пайда, Шәмшімен оңтайы келген кездесу осылайша сәтсіз аяқталып еді.

Арада үш жылдай уақыт өткенде Шәкең сөзін белгілі ақын Сабырхан Асановқа жазғызып Теріскей туралы ән шығарып, жаңа туындысын Созақ еліне таныстыру үшін келіпті. Ол кезде мен аудан партократтарынан қысым көре берген соң «енді көрмегенім газет жұмысы болсын» деп басқа қызметке ауысып кеткен болатынмын. Ал Шәкең мені ұмытпапты. Сұрастырып: «Бұл өзі елге партократтар ғана еркелейтін, шығармашылық адамдарына еркелеуге мүмкіншілік жоқ заман болып тұр ғой», – деп тұнжырай төмен қарап, басын шайқапты.

Содан бері қырық жылдан астам уақыт өтсе де ұлы сазгермен осы кездесуім жиі есіме түсіп, кәдімгідей өкінемін.

Қуаныш Нұрмашұлының байланыс телефоны: 8-778-405-99-98.

Қуаныш НҰРМАШҰЛЫ,

зейнеткер.

Шымкент қаласы.