Самарқан мен Бұхарада болғанда

21.08.2017
Қаралды: 440

Өзбекстан мемлекетінің дәмді тағамдарымен, қайнап жатқан базарларымен ғана емес, тарихи-архитектуралық ескерт­кіштер мен көнекөз жәдігерлерінің молды­ғымен де ерекшеленетіні белгілі. 

Сондық­тан болар, бүгінде ол жақта шетелдік ту­ристер қаптап жүр. Біз бұл жөнінде газеті­міздің өткен нөмірінде жазғанбыз. Осы сапарда көргендеріміз жөнінде оқырманға тағы да әңгімелеп беруді ұйғардық.

...Сол күні Ташкенттегі «Зеңгі баба» кесенесін зияраттаған соң біз үш-төрт сағаттай­ жол жүріп, Самарқанға жеттік. Самарқан теңіз деңгейінен 737 метр биіктіктегі, Азия құрлығы бойынша ең биікте орналасқан қала екен. Сондықтан болар, мұнда Ташкентке қарағанда салқын. Жап-жасыл, биік-биік ағаштар мен әдемі гүлдерге көмкерілген сұлу қала.

Самарқанның қақ ортасында Әмір Темірдің алып ес­керт­кіші тұр. Біз таксиден «Гур Эмир» мавзолейінің алдынан түстік. Мавзолейдің жанында үлкен екі автобус тұр, шетел­дік­тер фотоаппараттарын мойнына іліп, мавзолейді айнала тамашалап, суретке түсіруде. Мавзолейге кіру ақысы – 19 мың сум.

Мавзолейдің тарихымен бізді Уктам есімді гид таныстырды. Тарихи деректерге қа­рағанда, Әмір Темір Шахриса­бз жерінде 1336 жылы 9-сә­уірде өмірге келген. Оның 12 әйелінен 4 ұл, 2 қызы болыпты. Шариғат заңы бойынша үлкен ұл тақ мұрагері, ал кенже ұл шаңырақтың иесі болып қалады екен. Әмір Темір де үлкен ұлы Жаһангерді болашақ тақтың иесі ретінде тәрбиелей бастайды және оны өзге ұлдарынан артық жақсы көр­ген. Алайда кезекті бір жо­рық кезінде 22 жастағы Жаһангер жараланып, соңынан қаза табады. Оның мәйітін Әмір Темір Шахрисабзға, ата-бабаларының сүйегі жатқан жерге қоя­ды. Жаһан­гердің ар­тында екі­қабат әйелі қалады. Бұл қаза Әмір Темірге қатты батады. Ал Жаһангердің үш інісінің кө­кейінде тақ мұрагерлігіне әке­міз қайсысымызды таңдар екен деген сұрақ тұрады.

Арада уақыт өтіп, айы-күні жеткен келіні босанып, дүниеге ұл келеді. Бұған Әмір Темір өлгені тіріліп, өшкені жан­ған­дай қатты қуанады. Немере­сінің есі­мін Мұхаммед Сұлтан деп атап, оны тақ мұрагері деп жариялайды. Әмір Темір­дің бұл шешіміне ұлдары қат­ты ашуланып, Мұхаммед Сұл­танның көзін құртудың қа­мына кірісе бастайды. Олардың бұл әрекетін сезген Әмір Темір Мұ­хаммед Сұлтанның қауіпсіздігі үшін үлкен резиденция салды­рады. Оны биік дуалмен қоршайды, онда елшілер мен ақ­сүйек­терді қабылдауға арналған үлкен қо­нақүй, екіқабатты мектеп-медресе салдырады. Онда Мұхаммед Сұлтанмен бірге Темірдің айналасындағы бай-бағландардың балалары білім алады.

Мұхаммед Сұлтан кәмелетке толғаннан кейін Әмір Темір оны ел басқаруға үйрете бастайды. Сөйтіп оны өзі жаулаған Кавказ елдерін (Армения, Әзірбайжан, Грузия) басқару үшін таққа отырғызады. Мұхаммед Сұлтан Кавказ елдерін 4 жыл, 7 ай билейді. Бір күні Әмір Темірдің құлағына сүйікті не­мересі Мұхаммед Сұл­танның белгісіз жағдайда қаза бол­ған­дығы жайлы хабар тиеді. Сол кезде жанында болған тарихшы Араб Шах Әмір Темірдің сол сәттен бастап дүниеден өткенінше күлмей кеткенін жазып қалдырыпты. Немересінің қайғылы қазасынан кейін ол бұрынғысынан да қатая түскен. Елде қырық күнге дейін қаралы күн деп жариялайды. Патшалардың ғана сүйегі жерле­нетін «Шахи Зинда» қабір­ста­ны бола тұра Әмір Темір не­мересін онда жерлемей, өзіне арнап салдырған резиденцияға қойдырады.

Араға бір жыл жеті ай салып, жетпіс­ке­ қараған шағында әйгілі қолбасшы Қытайды жаулау үшін жорыққа аттанып, жолда Отырар жерінде қайтыс­ болады. Әмір Темір көзі тірі­сінде-ақ өзіне арнап Шахрисабз жерінде 24 жыл бойы мавзолей соқтырған екен. Алайда өлген соң сүйегін онда емес, өзінің сүйікті немересі Мұ­хаммед Сұлтанның жанына қойыпты.

Сол уақыттан бері бұл жер «Гур Эмир» (парсы тілінен ау­дарғанда: гур – қабір, эмир – патша) деп аталып, саяхат­шылар мен туристер тамашалайтын тарихи мекенге айналыпты. Ол жерде сондай-ақ Әмір Темірдің кіші ұлдары Шах­рух пен Миран шах, не­ме­ресі Ұлықбек, Ұлықбектің кішкентай кезінде қайтыс болған екі ұлы және Әмір Темір­дің рухани ұстазы жерленген.   

...Біз одан кейін Қожа Ахрар Уәлидің мавзолейіне бардық. Ол Нақшбандия тари­қатының ірі өкілі, өз заманының аса білгір, бай, беделді адамдарының бірі болған. Келген адамның назарын аудара­тын ерек­шеліктердің бірі XV–XVІІ ғасырларда салынған мешіт-медреселер мен сол ғасырларда егілген шынар ағашының әлі күнге жап-жасыл болып жайқалып тұруы болды.

Самарқаннан шыққан соң біз Науайы облысындағы Хазрет Әлидің шейіт кеткен ұлдары Хасан мен Хусейннің, Нұ­рата қаласына жақын маңда жатқан Әйтеке бидің кесене­сінде, Нұрата бұлағына зиярат жасап, әрі қарай Бұхарадағы Нақшбандия тариқатына әйгілі жеті пірдің басын зияраттадық.

Бұхарада да архитектуралық ескер­т­кіш­тер өте көп. Әлемге әйгілі «Мир араб» медресесінде болдық. Ол жерде Италия­дан, Франциядан, Жапониядан келген туристермен таныстық. Бір қызығы, ше­телдік саяхатшылардан қайдан келгенін сұрасаңыз, елінің астанасын айтады екен. Миллий есімді француз әйел Қазақстанды білетінін, алайда бірде-бір рет болмағанын айтты.

Қай кесенеге барсаңыз да өзбектің ұлттық бұйымдары, қыш кесесі мен шәй­негі, легені, тақиялары сатылып жатыр.  Байқағанымыз, Самарқанда да, Бұхарада да гидтердің жұ­мысы жақсы жолға қойылған. Гидтер көлік тауып, тарихи жер­­лерді аралатумен ғана шек­телмейді. Қонақүйде орын болмай немесе бағасы­на келіспеген жағдайда қонақжайлық та­нытып, үйлеріне апарады. Біз Самарқан­да да, Бұхарада да гидтердің үйінде қон­дық. Олар ақысына ақша сұраған жоқ, өзіміз шамамыз келгеніне қарай төледік.

Зияратымыз біткен соң Бұхарадан пойызға отырып, Ташкентке келдік.

«Универсамның» жанында «Юнусобад» базары бар, ер­теңгілік асымызды ішу үшін базарға соқтық. Таңғы 7-де ашық тұрған асхана бар ма екен деп ойлап келе жатсақ, осы кездің өзінде астың түр-түрі буы бұрқырап пісіп тұр. Тамақтанып отырған адамдар да көп. Сөйтсек, бұл да ештеңе емес, тамақ таңғы 5-те дайын болады екен. Палаудың бір порциясы 8 мың сум (400 теңге), алайда біздегіге қарағанда өте дәмді, сосын ыдысы үлкен, жеп тауыса алмайсыз.

Тағы бір ерекшеліктері – жолай кірген асханалардың бә­рінде жаңа піскен ыс­тық нанның болуы. Соған қарағанда. ас­хана жанында наубайханасы да болады-ау. Тамақтары арзан әрі өте дәмді. Халқы қо­нақжай, күлімдеп қарсы алып, күлімдеп шығарып салады. Кей­­де нан, айран, су секілді заттарды артық алып қойыппыз деп қайтарсақ, еш ренжі­местен қайтарып алады.

Ол жақтың тұрғындары қантсыз көк шай ішеді екен. Қара шайға тапсырыс бердік, бірақ біздегідей қоюлап дем­демейді. Сүт қатқан шай деген мүлдем жоқ, шекерді сұрап алып жүрдік. «Өзбекстанда орысша сөйлеген адамға жауап бермейді» деген әңгіме өтірік екен, оларда да біз секілді орысшаға орысша жауап қайтарды.

Бізге кездескен адамдардың бәрі жақсы адамдар болып жолықты ма, әлде ол жақ­тың тұрғындарының шынайы кел­беті сол ма, біз кілең жүзі­нен нұры төгіл­ген кішіпейіл адамдармен дәмдес-тұздас болып, кетерімізде қимастықпен қайта-қайта құшақтасып қоштастық.

Г. СҰЛТАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!